Ұлыстың ұлы тойы – әз-Наурыздың қарсаңында Ақжайық ауылында мәдениет үйі жанынан құралған әжелер ансамбльдері арасында «Асыл әжелер» атты аудандық байқау өтті.
Бүгінде ән айтатын әжелер қатары көбейіп келе жатқаны көз қуантып, көңіл семіртеді. Міне, сондай өнерлі зейнеткерлер мен ардагерлер 2000 жылдардан бастап ауылдардың мәдениет ошақтарына тартыла бастады. Ауданымыздағы барлық дерлік мәдениет үйі ошақтарының жанынан өнерге қабілеті бар әжелердің басын қосып, әндерін насихаттап жүрген әжелер тобы құрылды. Сол ақ кимешек киген әжелер ансамбльдері бүгін Ақжайық сахнасында бас қосты. Атап айтқанда, Теректі аудандық халықтық «Шежіре», Ақсоғым ауылынан халықтық «Ақ отау», Шағатай ауылынан «Ақтілек» , Сарыөмір ауылынан «Ғасыр үні», Подстепное ауылынан «Япурай», Аңқаты ауылынан «Ақерке», Абай ауылынан «Қазына» әжелер тобы, Ақжайық ауылынан «Ақниет» әжелер ансамбльдері өзара бақ сынасты.
Шараның негізгі мақсаты – халық арасында айтылып, кейін ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа ұсыну. Әже өнегесінен үлгі алып, салтымызды әнге ұштастырып, әнімен көмкеріп, халыққа тарту ету.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Тілек Габдушев аудан халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, өнерпаз әжелерге сәттілік тіледі.
Шара ұйымдастырушылары байқаудың барынша әділ, адал өтуі үшін сайыскерлердің өнеріне баға беретін қазылар алқасын облыс орталығынан шақыртқан. Олардың қатарында «Нарын сазы» вокалды тобының әншісі, білім саласының үздігі Светлана Мұғалбаева, «Ардагер» клубының меңгерушісі Надия Мағзомова,«Алтын алқа» иегері, көп ұлтты,көп балалы халықтық «Ару аналар» вокалды тобының жетекшісі Мәншүк Шоқанаева бар.
Байқау үш кезеңнен құралды: «Ғасырлар үні» атты алғашқы кезеңде өнерпаздарға халық әнін орындау тапсырылса, Құдіретті бір әуен» атты екінші кезеңде сайыскерлер қара өлең айту бойынша бақ сынасты. Ал «Әлди - әлди» деп аталған шешуші үшінші кезеңде қатысушылар бесік жырын орындау шеберлігін паш етті.
Ұлттық дәстүрді ұлықтайтын тағылымды кеш барысында көрермендер халықтық қазынадан сусындап, мәдени мол мұрамызды етене тануға мүмкіндік алды.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Подстепное ауылынан келген «Япурай» әжелер ансамблі, екінші орынды Сарыөмір ауылынан келген «Ғасыр үні» әжелер ансамблі, ал үшінші орынды Ақжайық ауылдық «Ақниет» әжелер ансамблі иеленді.
Қатысушылар кеш қорытындысында байқау ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізіп, сый-сияпаттарына ризашылық білдірді.
Ғазиза Рахметова,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz