Ұлымның өмірден өткеніне бес жылдан асып барады екен. Тірі болса, 15 қазанда 50 жасқа толар еді. Өкініштен өзегің өртеніп, ғұмырдарияның иіріміне батып кеткендей күй кешеді екенсің...
Жарқын Сайлауұлы Фазылов 1972 жылы қазанның 15-інде облысымыздың Қаратөбе ауданының орталығы Қаратөбе ауылында дүниеге келді. Мектепті жақсы оқып, күміс медальмен бітірді. Алматыдағы жоғары өрт сөндіру училищесін және төтенше жағдайлар университетін қызыл дипломмен тәмамдады. Оқу бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Қаратөбе аудандық өрт сөндіру мекемесінде инспектор болып бастады. Бір жылдай кәсіби мамандығы бойынша жұмыс істеп, облыстық өрт сөндіру мекемесіне жоғарылатылды. Осылайша ауданда бірге жұмыстас болған жолдастары мен ата-анасын бір марқайтып тастап еді.
Қызмет барысы жоғарылаған сайын мамандығына деген адалдығы мен құлшынысы да арта түсті. Еңбек жолында облыстық ішкі істер департаменті №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, Қаратөбе ауданының ішкі істер бөлімінің мемлекеттік өрт қауіпсіздігі инспекциясының инспекторы болып қызмет етті. Кейінгі жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен облыстық мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының аға инспекторы, тергеу жүргізу тобының аға тергеушісі, лицензиялау бөлімінің бас маманы, кейін осы бөлімнің бастығы болды. 2015 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің Батыс Қазақстан облысындағы төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін армия генералы, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың медалімен, сондай-ақ авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың медалімен марапатталды. Төтенше жағдайлардың алдын алуда, жоюда үздік шыққаны және басшылық жұмыстарындағы мінсіз қызметі, биік белестерді бағындырғаны үшін Төтенше жағдайлар комитетінің 10, 20 жылдықтарына арналған медальдарымен марапатталды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамоталарымен, алғысхаттарымен марапатталды. Жалпы еңбек еткен жылдары 26 медаль, 8 Құрмет грамотасы, алғысхаттарды қоса есептегенде 43 мәрте марапатталған.
БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев Жарқынды еске алу іс-шарасын екі мәрте республикалық деңгейде өткізді. Оған барлық облыстардың төтенше жағдайлар департаменттерінің және БҚО-ның 12 ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімдерінің командалары қатысты. Бұл іс-шара асқан ұйымшылдықпен өтіп, жеңімпаздар сыйлықтармен, Құрмет грамоталарымен, алғысхаттармен марапатталды.
2013 жылы Германияда және Ресейде Қазақстан Республикасынан барған делегаттар тобында болып, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар жұмысын жандандыру мәселелері туралы өз пікірін ортаға салып, ұзақ сөйлеген. Оған шетелдіктер риза болып, келешекте халықтың қамын ойлайтын, ел үшін қызмет ететін Жарқын Фазылов сынды азаматтар көбейе берсін деген бағытта шынайы көңілмен қошемет тілектер айтқанын естіп қуанғанбыз. Осылайша Жарқынның мансаптық баспалдақтармен өсуі, елге пайдасы тиетін азамат болып қалыптасуы ата-анасы ретінде біздің көңіліміз тоғаятын. Перзентінің жақсылығына қай әке-шеше қуанбасын?! Достары да бізге телефон соғып, қуанышты жағдайларды айтып, жүрегімізді нұрға бөлейтін. Баламның жүрегі тек «Қайран өз елім, өз жерім, ата-анам» деп соғып тұрғандай көрінуші еді. Сырт көзге оңай көрінгенімен, қалтарысы мен бұралаңы көп қиын қызметтің зілдей салмағы мен жауапкершілігін біркісідей арқалап, сыр бермеуші едің. Қасиетті Қаратөбеден түлеп ұшқан жас білікті маманның алар шыңы алда еді. Қайтейін, жарығым...
Жарқын жаным, жас болсаң да балалықтың бал дәуренін бірге өткізген кластастарың, жастық шақтың базарында бірге жүрген курстастарың, жора-жолдастарың, ауылдастарың сенің есіміңді әлі күнге құрметпен атап, ілтипатпен еске алады. «Тар пейілді кеңімес, кең пейілді кемімес» деп Бұқар жырау айтпақшы, пейіліңнің кеңдігі, кез келген адаммен тіл табыса алатындығың ел-жұрттың есінде қалды. Әр істің ең ұтқыр тұсын табатын салиқалы басшы болып едің. Өтініштердің қандайы болмасын шешімін табуға ұмтылатынсың, болмаса мәнісін жете түсіндіретінсің. Іскерлігің, ұйымдастырушылық мәнерің Жайық өңірінде әріптес болған азаматтардың жадында қалды.
Көкірегімдегі сен айтқан әңгімелер көңілімді елжіретпей қоймайды. Ауылдан шыққан ұшқыр ойлы, айбарлы ұл едің. Елдің шынайы құрметіне бөленіп едің. Жұмыс барысында айтылған пікірлеріңді қалың қауым терең түсініп еді. Балам, асыл бейнең көз алдымда... Айтқан сөздерің құлағымда қалған соң естелік жазуды әкелік парызым деп санадым. Өмірің өнеге, ісің үлгі болып еді. «Ақыл – адам өмірінің айнасы» дегендей ақылың көп еді.
Жарқынды «Сенің енді генерал болуың қалды» деп жиналған жолдастары қолпаштайтын. Өлім түгілі, өкпеге қимайтын ақкөңіл, арда азаматым едің. Біреулердің көзі өтті ме деп те ойлаймын. «Аққу ұшып көлге кетті, сұңқар ұшып шөлге кетті. Ол адасып кеткен жоқ, Әркім барар жерге кетті» десе де, әлі күнге қабырғамыз қайысып, жүрегіміз қан жылайды. «Аталатсаң аталат, боталата көрме» деп қанша тілегенімізбен, тағдырдың басқа салғанын көтермеске не шара?! Рухыңа арнап дұғамызды оқып, Құран бағыштаймыз. Әке-шешеңнің қолынан басқа не келеді, жарығым. Қайтейін, балам, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, иманың жолдас болсын демекпін...
Сайлау Фазылов,
Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері