13.06.2022, 15:30
Оқылды: 5

Асыл мұралар мекеніндегі тағылымды кеш

Жуырда Жәнібек аудандық музей бөлімінің ұйымдастыруымен Жәнібек ауданының құрылғанына 100 жыл толу мерейтойы қарсаңында өскелең ұрпақты ата-бабаларымыздың жасап кеткен мәдени қазына байлықтарының үлгілеріне қанықтырып, жеке адамның да, бүкіл қоғамның да рухани жетілуіне ықпал жасау мақсатында «Музей – асыл  мұралар мекені» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті.

24

Шара барысында музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова қонақтарға қош алу сөзін сөйлеп, шараның шымылдығын ашып, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған құнды тарихи жәдігерлерді музейге әкеп табыстап, музей залдарының экспозициясын толықтырып, музей қорының артуына үлес қосып жүрген музей жанашырлары Қозыкеш Омаров, Дәржан Ахметқалиева, Иран Қошқарбаев, Сержан Қошановтарға облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың атынан алғысхат пен естелік сыйлықты табыс етті.

Музейге арнайы келген шақырулы қонақтар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік құттықтау лебізін арнап, Меңдігүл Ғарифоллақызына құттықтау хат тапсырды.

Музейімізде дәстүрге айналған «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясына белсене қатысып жүрген жерлестеріміз, құнды бұйымдарын күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақ үшін музейге сыйға тартып, халық игілігіне айналдыра білген аудан тұрғындары, музей жанашырлары, яғни, ұзақ жылдар бойы кітапхана саласында қызмет атқарған, ауданымызда 2001 жылы қоғамдық негіздегі музей ашылған сәттен бастап музей қорын жинақтауға үлес қосқан өлкетанушы Улия Тұманова, Жәнібек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерсайын  Құбашев, аудандық автоклубтың меңгерушісі Шынтемір Рамазанов, аудандық мемлекеттік архивтің директоры Жанар Қошанова, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік, қолөнер шебері Қантым Аманқызы, жерлесіміз Бақыт Сәрсенова, аудандық саз мектебінің директоры Жақсылық Бисенғалиев, Т.Жароков атындағы ЖББОМ-ның мұғалімдері Настя Қадырәлиева, Айымгүл Қадырбайқызы, Гүлманат Саматқызына музей меңгерушісі Меңдігүл Фазылова алғысын жариялай отырып, естелік сыйлық табыстады.

Кеш барысында Жақсылық Қаздукұлының орындауында Қазанғаптың  «Бозжорғаның бөгелек қағуы» атты күйі, Шынтемір Қамешұлының орындауында дәулескер күйші Өтеген Жұмашевтың туындысы «Шаттық»  және талантты күйші, дирижер, жерлесіміз Ғабдұлман Матовтың туындысы  «Қарабас» күйі көрермендерге тарту етілді.

2022 жылы оздырылған «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы аясында және кеш барысында музейіміздің қорына тапсырылған, сыйланған жәдігерлерден жасақталған экспозициялық көрме тамашаланды.

Л.Халина,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале