27.03.2022, 0:08
Оқылды: 95

Ат мінгізіп, Умраға жолдама берді 

Былтырғы жылдың қыркүйегінде Сырым ауданы Сарой ауылдық округінде мешіттің қадасы қағылған-ды. Іргетас құйылып, тас қаланып, жұмыс та іле-шала жүре кеткен. Міне, алты ай қыс артта қалды. Шағырлойдың ортасында күмбезін күн сүйген, мұнаралы мешіт пайда болды. 

IMG-20220326-WA0051

Кешегі жұмада жамағат жаңа мешіттің ішінде бас қосты. Олардың арасында өңірдегі мұсылман қауымын айтпаған, Нұр-Сұлтан, Тараз қаласынан келгендер бар. Зиярат етушілерді жерлестеріміз, белгілі исламтанушылар Алтынбек Құсайынов пен Асхат Сәлімгерей бастады. Басқосуға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Батыс Қазақстан облыстық өкілдігінің атынан Бейімбет Дүйсенәлі және Сырым ауданының бас имамы Қуанғали Тынымов қатысты.

Алла үйінің қонақтарын ақсақалдар бастаған ауыл жұртшылығы қарсы алды. Жамағат өзара сәлемдесіп, амандық білісіп, бірін-бірі Наурыз мерекесімен құттықтап, мәре-сәре болды.

Мешіт құрылысы халықтық қаражаттың есебінен және Құдайдың разылығын іздеген жанашыр жандардың жұмылуымен салынды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталды деуге болмас, дегенмен іс еңсерілді. Кешегі жиында жамағат Шағырлойдан шариғат ордасын салу ісіне бастамашы болған Қадыржан Мырзағалиевке ат мінгізді.

IMG-20220326-WA0052

Ал, берекелі жұмыстың жолында бастан-аяқ жүрген Еркінғали Орынғалиұлы мен Бекарыс Тәженге кіші қажылыққа жолдама берілді.

Мешіттің ресми ашылуы көктемнің аяғына жоспарланған.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале