Жиынға Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов, өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Теміров, аудандық мешіттің найб имамы Дулат Арманұлы, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жақсылық Нұрманұлы және колледж оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Бас имам ислам дініндегі ата-ананың орны туралы, оның қадірі мен қасиеті хақындағы ұлағатты уағыз, әсерлі әңгіме өрбітті.
Шарада колледж оқытушылары өнерлерін ортаға салып, кеш көркін кіргізе түсті. А.Шабақов «Анадан өсиет», А.Жангереев «Ал мен бір мақал айтайын» термелерін тарту етсе, Ж.Кенжеғалиев «Ауыл қарттары» әнін әуелете шырқады.
Сондай-ақ «Қарттар үйіндегі ана» бейнеролигі де шараға қатысушыларды зор әсерге бөледі.
Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz