17.01.2020, 17:21
Оқылды: 34

Ата атын ардақтаған ұрпақ

Осыдан он жыл бұрын басылып шыққан «Жеңімпаз» атты облыстық энциклопедияда жарияланған мәліметтерге сүйенсек, Тасқала ауданынан 3 798 адам майдан даласына аттанған. Біз бүгін солардың бірі - Зинеш Қайырғалиев туралы әңгімелемекпіз.

Каиргалиев 001

Зинеш Қайырғалиұлы 1917 жылдың 19 қарашасында Жаңақала ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. 1938 жылы Қызыл Әскер қатарына алынады. Әскердегі борышын өтеп жүрген кезде соғыс басталып, майданға кіреді. Талай сұрапылды бастан кешіп, соғысты 1946 жылдың тамыз айында Германияның Кенингсберг қаласында аяқтайды. Айтпақшы, кейіпкеріміздің әкесі, қатардағы жауынгер Қайырғали да 1942 жылы соғысқа аттанып, 1944 жылдың 27 желтоқсаны күні Венгрия түбінде қаза тапты деген қарақағаз келеді.

Атқыштар дивизиясы құрамында Отан қорғаған жерлесеміз Зинеш Қайырғалиев соғыстан кейін қазіргі Мерей совхозында шаруашылық маманы болып еңбекке араласады. Ал 1947 жылы оны сол кездегі басшылар Ресейдің Орынбор қаласындағы «бөлімше басқару» курсына оқуға жібереді.

Каиргалиев

1948-1963 жылдар аралығында Щипов совхозында (Мерей ауылы) бөлімше басқарса, кейін совхозда жұмысшылар кооперациясы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Біз осы мақаланы жазар кезде майдангердің ұлы Бақтыгерей Қайырғалиевке жолыққан едік.

 -Анамыздың аты – Мәдина. Ол 1926 жылы дүниеге келген. Әкеммен отау құрғанша совхозда есепші болған. 1946 жылы екеуі шаңырақ көтеріп, анамыз дүкеншілік қызметке ауысыпты. Орынбор қаласына оқуға жіберілгенде де, анам қасында болыпты. Соғыстың зардабы болуы керек, әкемнің денсаулығы жиі сыр берген. Сол кезде мен үш айлық бала екенмін -, деп бастады ол кісі әңгімесін.

 - Есімде әкем Жеңіс күні қарсаңында майдандас достарын үйге ертіп келетін-ді. Біз сонда қастарында отырып, соғыстың тірі куәгерлерінің әңгімесін өз ауыздарынан талай естідік... Әкем Зинеш Қайырғалиұлы 1988 жылдың 19 наурызында дүние салды. Содан бері жыл сайын тоғызыншы мамырда ұл-қыздары кезектесіп дастархан жайып, әкемізді және әкеміздің майдандас достарын еске аламыз.

Тасқала аудандық мұрағатынан алынған мәліметке қарағанда кейіпкеріміз соғыстан кейінгі жылдарда да бірнеше орден, медальдар мен алғыс хаттар иеленіпті. Ағамыз осылайша елге елеулі еңбек ете жүріп, бір ұл, жеті қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір олардан өрбіген немере-жиендер, құдайға шүкір, баршылық. Бәрі де ата есімін ардақтап, оның өнегелі өмірін лайықты жалғастыруға күш салып келеді.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале