Жәнібек ауданына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұханбетов пен облыстық басқарма басшылары арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар басын шаруа қожалықтарының қысқы кезеңдегі жәй-күйін бақылаудан бастауды жөн санаған Қалияр Шадиярұлы мен Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовты аудан әкімі Тимур Шиниязов Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты «Бұқар» қыстағына апарды. Аталған қыстақ Боранбай Айтқалиев жетекшілік етіп отырған «Ерлан» шаруа қожалығына тиесілі. Қожалық иесі бірден кәсібінің жәй-күйімен таныстыра кетті. Жиырма бес жылдан аса ғұмырын мал шаруашылығы кәсібіне арнаған Боранбай Сатанұлының қорасынан төрт түлік түгел табылды. Баптап отырған Қамбар ата түлігі «асыл тұқымды» жануарлар екен. Күтімінің өзі ерекше жылқы малының бірнешеуі түрлі бәйгелерде оза шауып иесінің қанжығасын майлап жүрген-ді. Ісінің берекесін бергір Боранбай ағаның айтуынша, шаруаның бар қыры мен сырын ұрпағына үйретіп, қора-жайдың бар тірлігін ұлдарына тапсырған. Айтқанындай, ұлдары Зеңгі баба түлігін жастарына сәйкес бөліп, салмақты да сақа дегендерін бордақылауға дайындап қойыпты.
Қалияр Шадиярұлы алдымен шаруашылық иесінен қандай да бір қиыншылықтардың бар-жоғын сұрады. Алған жауап мынадай: «Есімді білгелі бабалардан қалған ата кәсіптің етегінде жүрмін. 25 жылда нені көрмедік. Аллаға шүкір, мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдауды да алып, нәпақамызды осы төрт түліктен тауып отырған жайымыз бар. Малымыздың азығын тауып, одан артылғанын сатып, бастысы ұрпақтарыма адал еңбегіммен жиғанымның тәтті дәмін бере алып отырмын. Жуық арада шаруа қожалықтарына төмен пайызбен берілетін субсидияны алып, техникаларымды 80 пайызға жаңартқан жайым бар. Мүмкін деген жеңілдіктердің бірінен де қапы қалдырмай, қолдауларын көрсеткен аудан әкімдігінің басшылығына рахмет. Айтқанымдай, жұмысымыздың барлығы қол күшіне негізделген. Қыстату кезеңінде қиналып қалатынымыз ғана бар. Техника алуға қаражат аянып қалған емеспін. Тек қыстағымызға электр желісі жетсе болғаны».
Аудан әкімнің орынбасары Мирболат Бисеновтың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында «Бұқар» қыстағына 54 млн 228 теңге көлеміндегі қаражатқа сыртқы электр желісімен жабдықтау жұмыстарын жүргізу жобасы бекітілген. Енді қаражаттың бөлінуін күту ғана қалды. Электр қуатымен толық қамтамасыз етілетін күнді тағатсыздана күтіп жұрген кәсіп иесі электр бағаналарын тұрғызып бастап кетіпті. Аудандағы мал шаруашылығы кәсібінің деңгейін өз көзімен көріп, бағамдаған облыс басшысының орынбасары із суытпай аудан орталығына жол тартты.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы