Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық білім беру бөлімі және кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Ата-әже: махаббат пен даналық» тақырыбында аудандық форумы өтті.
Ата мен әже әрқашанда ұрпақ тәрбиесінің басы-қасында болатын ақылшы, тәрбиелеуші тұлға. Әжелер үлгісі, аталар мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы.
Ата-әже өнегесін насихаттауға арналған форум аясында аудандық мәдениет үйінің алдына киіз үй тігіліп, оның ішінде қолөнер бұйымдарынан көрме жасақталып, шеберлік сағаттары өткізілді.
Алдымен форум қонақтары мәдениет үйінің фойесінде мумия көрме жұмысымен танысты. Көрмеде қазақ халқының бала дүниеге келгеннен бастап өміріміздің кезеңдерінен хабар беретін әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміздің көріністері тамашаланды.
«Ата-әже: махаббат пен даналық» атауымен өткен тағылымды шараның негізгі бөлімін «Өрнек» би ансамблі қазақ биімен ашты.
Форум жұмысында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:
– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форумның мәні мен мазмұны зор деуге болады.
Қазақ – қариясын құрметтеген халық. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, ата болған кісілерді «ақсақал» деп құрметтеп, төрден орын берген, олардың батасын алмай ешбір іс бастамаған. Ал бүгінде осы үрдістердің барлығы біртіндеп өзгеріске ұшырап барады.
Аға буын ұлағатты, ата ақылға бай, әже мейірімді болса болашақта ұрпақ саналы болады. Ата мен әжеден тағылымды тәрбие алмаған ұрпақ тәрбиені басқа жақтан, ғаламтордан, түрлі арналардан іздейді. Сол себепті қазақтың ұлағатты тәрбиесін ақсақалды атамен ақжаулықты әже ұрпақ санасына сіңіруі керек.
Қарияларымызды сыйлау, қалтқысыз құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты парызы деп білемін. Ата мен әже отбасының алтын қазығы. Шаңырақтың тірегі. Ата да, әже де әрбір адам үшін қымбат жандар. Ендеше қымбат адамдарды ешуақытта назардан тыс қалдырмайық. Қарттары бар ел – бақытты ел, - деді.
Әрмен қарай форум жұмысын жалғаған ардагер ұстаз Артық Байденов «Ата-әже отбасы берекесі, тәрбиенің бастау бұлағы» тақырыбында келелі ой қозғап, тағылымды әңгіме айтса, Б.Қаратаев атындағы ЖОББМ-нің тәрбие жұмысының орынбасары Толқын Ашихова «Жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу» тақырыбында баяндама жасады. Кезегінде сахна төріне көтерілген Шөптікөл МББК-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанна Нұғманова «Жаһандану заманында ата-әженің бала тәрбиесіндегі орны» тақырыбында баяндама жасаса, Егіндікөл ЖОББМ-нің директоры Гүлнұр Тналиева «Бата тілектер – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында баяндады.
Ұлттық тәрбиені ұлықтауға арналған шарада аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып жүрген Сүйгенше Хамидоллина, Нұрзада Мусина, Айсұлу Джанибекова, Тілек Ғабдеш, Ұмсындық Сағынғалиева, Бұлды Такенова, Қажығали Мұқанов, Роза Бақтығалиева, Ағырыс Қайырлиева сында ата-әжелерімізді алғысхатпен марапаттады.
Жоғары деңгейде өткен форум барысында жас өнерпаздар тәрбиелік бағыттағы әндер шырқап, өлең жолдарын оқып көрермен қошеметіне бөленді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz