23.09.2023, 11:09
Оқылды: 48

Ата салт – асыл қазына

Халқымыздың ұмыт бола бастаған дәстүрлері аз емес. Соңғы кезде оларды жаңғырту бағытында түрлі іс-шаралар қолға алынып жатқаны қуантады. Сондай іс-шараның бірі Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округында орналасқан «Дубрава» демалыс кешенінде өтті.

IMG-20230923-WA0024

«Бастаңғы» атты іс-шараға ауданның барлық 22 ауылдық округінен келген 100-ден жас қатысты. Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шарада он шақты салт-дәстүр туралы кеңірек мағлұматтар беріліп, арнайы көрініс қойылды. Олардың ішінде деңгене, сірге жияр қымыз, қап қағар, қазан шегелеу, біз шаншар сынды қолданыстан шыққандары да бар.

IMG-20230923-WA0018

- Уақыт өтіп, заман жаңарған сайын бабадан қалған көп дәсүрлер де ұмыт болуда. Бұл, әрине өкінішті. Сол себепті де мұндай іс-шаралардың маңыздылығы зор. Жастарымыз құр ғана қатысып қоймай, одан өздеріне тәлім алса, ол үлкен жетістік болары анық. Жалпы алғанда, салтын сақтаған ел жойылмайтынын ұмытпаған абзал,- деді өз сөзінде аудан әкімі Марат Тоқжанов.

Әдемі кешті тамашалағандардың қатарында облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы Мереке Құлкенов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылары одағы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі Аңсар Ибраев бар.

IMG-20230923-WA0017

Іс-шара барысында садақ ату, арқан тартыс, аударыспақ секілді ұлттық ойындар ойнатылды. Және арнайы құрылған киіз үйлерде спортта, өнерде және өзге де салаларда жетістікке жеткен аудан жастары туралы кеңінен сөз болып, ән шарқалып, күй тартылды.

IMG-20230923-WA0021

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара алдағы уақытта да кеңінен көрініс табатын болады. Мәселен, келесі жылы «Дарабоз» жастар ойынын ұйымдастыру ойда бар.

IMG-20230923-WA0022

Онда жастар екі-үш күн бойы даладағы этноауылда болып, ұялы телефоннан алыста таза қазақы атмосферада өмір кешпекші. Осы уақыт аралығында олар көптеген ата салтпен жіті таныспақшы.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале