Ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастау алған бүгінгі Конституциямыз — халық қолдаған, елімізді биік белеске шығарған, тарихи маңызы аса зор құжат. Ата Заңды ардақтау — келешекке керуен тартқан мемлекетіміздегі әрбір азаматтың асыл парызы.
Елдіктің басты нышаны — Конституция күніне орай Теректі ауданында мерекелік шара өтті. Жиналған қауым ең алдымен көрмемен танысты. Мұнан кейін концертті тамашалады. Оған қатысқан аудан әкімі Тілек Габдушев жалпақ жұртшылықты атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ата Заңымыз — қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі.
Ата Заңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез-келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Тәуелсіздік рухы әрбір жолында көрініс тапқан Конституциямызға құрмет халқымызға тән отаншылдықтың арқауына айналып отыр.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін,— деді өз сөзінде.
Одан әрі аудан басшысы өңірдің өркендеуіне үлес қосқан бір топ теректіліктерге алғысхат табыстады.
Биыл Балалар жылы екені баршаға аян. Осы орайда «Отанды сүю неден басталады?» тақырыбында түсірілген бейнеролик көпшілікке ұсынылды.
Салтанатты шара соңы өнерпаздардың әсем биі мен әуезді әніне ұласты.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы