Қазталов ауданында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жылдан-жылға қарқын алып келеді. Оның айғағындай аудан орталығында ашылған "Достық" саябағы, "Нұрлы бақ" жеміс бағын айтуға болады.
Бүгін Қазталов ауданының орталығына аудан әкімі Нұрлан Бекқайырдың арнайы шақыруымен "Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау" мемлекеттік мекемесінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Мәлік Мұхтар келді. Аудан орталығындағы саябақтар мен көгалдандыру жұмыстарын қажет ететін нысандарды аралап көрген Мәлік Мұхтар осы жұмыстарды атқаруға қатысты ақыл-кеңесін беріп, тал-теректер егу туралы ұсынысын білдірді.
- "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген сөз бар. Қоршаған ортаға деген жанашырлық әр адамның жүрегінде болуы тиіс. Ауылдарыңыз жылдан-жылға көркейіп келеді екен.
Сіздердің жерлеріңізге тіке өсетін терек (тополь), үйеңкі (клен), шаған, қарағай, жыңғыл, жиде және қызылтал сияқты ағаштар егуге болады. Әрине, тек егіп қана қоймай, күтіп-баптау керек, - деді ауданның бас бағбаны.
Көгалдандыру жұмыстарында біраз тәжірибесі бар маманның ауданымызға арнайы келуі осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуына септігін тигізері сөзсіз.
Қайрат ЖАҚЫП
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz