Қазақ жері – кең байтақ, шұрайлы өңір. Даланың әрбір түйір топырағы еңбекпен құнарланады. Бұл сөздің шынайы дәлелі – Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты «Нұрдәулет» шаруа қожалығы. Атакәсіпті жандандырып, ел экономикасына үлес қосып отырған бұл шаруашылық егін және мал шаруашылығын қатар өрістетіп, үлкен жетістіктерге жетіп келеді.

Шаруашылық 2010 жылы құрылып, алғашқы қадамын нық басты. Сол уақыттан бері дамудың даңғыл жолына түсіп, талай істің тетігін тауып келеді. Бұл қожалық Алғабас ауылынан 12 шақырым жерден 23 миллион теңгеге өз қаражатына жарық тартып, инфрақұрылымдық мәселелерін шешті. Алдағы уақытта газ тарту жобасы жасақталып, 2025 жылы жүзеге асырылмақ.

Малға қажетті су мәселесі де оңтайлы шешілген. Қожалық аумағында төрт құдық қазылып, түліктер содан суарылады. Ал ауыз су үшін арнайы сүзгі орнатылған. Бұл – қожалық жұмысын жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
«Нұрдәулет» шаруашылығы бүгінде 600 бас ірі қараны бағып отыр. Оның ішінде 500 бас – асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры. Сәуір айында 400 бас сиыр бұзаулайды деп күтілуде. Сонымен қатар, 700-ге тарта жылқы өсірілуде.

Мұнда мал азығы қатаң бақылауда. Қожалықта мал азығы ретінде таңертең малға екпешөп (суданка) беріледі, ал кешке бидайшөп (житняк) салынады. Малдың дұрыс тойынып, денсаулығының мықты болуы үшін азықтандыру үнемі қадағаланады. Бір орама шөптің салмағы 250 келіні құрайды, әр басқа 6-7 келіден беріледі. Егер малға аздық етсе, қосымша шөп қосылады.
Малдың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Көктем мезгілінде оларды қотыр ауруынан сақтау мақсатында арнайы дәріленген суға шомылдырады. Бұл – малдың күйін жақсартуға сеп болатын тиімді шара. Алдағы уақытта қазақтың ақбас сиырының асыл тұқымды бұқалары саттыққа шығарылмақ.
Жуырда Астанадан арнайы мамандар келіп, шаруашылықтағы малды сараптамадан өткізіп, І санатқа жатқызды. Сырым мен Қаратөбе аудандары бойынша бұл деңгейге жеткен жалғыз «Нұрдәулет» қожалығы. Өңірде 400-ден астам ақбас тұқым бағатын шаруашылық болса, «Нұрдәулет» ШҚ бірінші санатқа 20-шы болып тіркелді.

Қожалық тек мал өсірумен ғана емес, егін шаруашылығымен де айналысады. Егін шаруашылығында өнімділікті арттыруға ден қойылды. Мұнда арпа, бидай, қара бидай егілуде. Мал азығы ретінде өсірілетін бидайшөп (житняк) алғашында 200 гектар жерге егілсе, енді 1000 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ, судан шөптері де өсірілуде. Өнімділік көрсеткіші де көңіл көншітерлік. Былтыр бидайдан гектарына 12 центнер, арпадан 8-13 центнер өнім алынды. Бұрнағы жылдары бұл көрсеткіш 21 центнерге дейін жеткен. Егін шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында 2023 жылы 110 миллион теңгеге «New Holland» комбайны сатып алынды. Алдағы уақытта дәл осындай тағы бір комбайн алу жоспарда бар.

Биыл шаруашылық жоңышқа егуді қолға алмақ. Қаратопырақты төменгі алқапқа 170 гектар жоңышқа егу үшін 20 миллион теңге қожалықтың қазынасынан қарастырылып отыр. Бұл – мал азығының құнарлылығын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Алайда, бір мәселе – су мәселесі. Суармалы жоңышқа жылына 3-4 рет өнім береді, ал оңтүстік өңірде бұл көрсеткіш 5-ке дейін жетеді. Сондықтан жоңышқа егістігін сумен қамту үшін орталықтан 4 шақырым жерге тұрба жүргізу, кабель тарту керек. Бұл жұмыстарды атқарып болғанда, мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржы тоқтап қалуы мүмкін деген қожалық жетекшісінің күдігі де жоқ емес.
Шаруашылықтағы қолды байлайтын мәселе – маман тапшылығы. Қожалық жетекшісінің өзі барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Ал егін шаруашылығы бойынша агроном қызметін ауыл шаруашылығы институтын бітірген ағасы атқарады. Жұбайы да зоотехникалық-ветеринарлық мамандықты тәмамдап, дипломын алуға дайындалып жатыр.

— Сырттан маман шақыру қиын. Зоотехник пен мал дәрігерлері бір күнге ғана келіп, қажетті шараларын жасап кетеді. Ал түліктің өсіп-жетілуі үшін мамандардың шаруашылықта тұрақты болуы керек.
Техниканы тізгіндеуге деген жастардың қызығушылығы төмен. Көпшілігі бір айлық жалақысын алған соң, қалаға кетіп, қайтып оралмайды. Тұрақты түрде жұмыс істеп, зейнетақы аударымын, табыс салығын, медициналық сақтандыру төлемдерін жасағысы келетіндер аз. Шаруашылықтың алдағы жоспарлары ауқымды. Алдымен, аумақты толықтай ағашпен қоршап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізбекпіз. Сонымен қатар, сырттан келген көліктерге арналған дизбарьер орнату жоспарда бар.
Биыл жұмысшыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін 12 орындық жатақхана мен үлкен асхана салсақ дейміз. Сондай-ақ, көктем шыға малдарға профилактикалық және зоотехникалық шаралар жүргізу үшін арнайы орын мен ветеринарлық пункт салуға мүдделімін, - дейді Қайырбек Молдабекұлы.

«Нұрдәулет» шаруа қожалығы – ата кәсіпті ардақтап, адал еңбекпен дамып келе жатқан іргелі шаруашылық. Егін мен мал шаруашылығын қатар өркендетіп, ауыл шаруашылығында өзіндік орны бар бұл қожалық болашақта да жаңа белестерді бағындыруға бекініп отыр.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы