Мал қыстату мен қой төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген казталовтық шаруалар қоян жылының қыс қаһарына төтеп беріп, көп шығынға ұрынған жоқ. Қыстан аман шыққан төрт түлік төлдеп жатыр. Көктем шығып, кең даламыз көкке толды. Табиғаттың жарасымды тірлігін жас төлдердің ойнақтаған қылығымен аша түскендей...

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Баянғалиұлымен бірге аудандағы шаруашылықтарды аралаған сапарымыз барысында Талдыапан ауылдық округіндегі «Азат» шаруа қожалығына соғудың сәті түсті.
Шаруашылықты ауданымызға белгілі Азамат Тұрбаев басқарып отырса, әкесіне қолғанат болған ұлы Азат та ауылға келіп, атакәсіпті жалғап отыр. «Жас келсе іске» дегендей Азат қаладағы жұмысын тастап, атасынан қалған таяқты ұстамаққа бекініп отыр. Осы күнге дейін төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру бөлімінде қызмет жасаған жас жігіт бір күнде шегім қабылдап, ауылға қайтқан екен. Бүгінде әкесімен бірге мал бағып, атакәсіпті дөңгелетіп отыр.
Жалындаған жасты даладағы сақман басынан кезіктірдік. Ауылдың қым-қуат тірлігіне араласқан Азат Серіков алдағы уақытта кәсібінің өрісін кеңейтіп, асыл тұқымды мал өсіруді көздеп отыр. «Ер дәулеті — еңбек» демекші ерінбей еңбектеніп, талпынған азаматтың талабы талмасын дейміз!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы