Ұлы Жеңіс күнін тойлап бейбіт аспан астында көк байрағымызды желбіретіп отырған біз секілді жастар сол кездегі қаhарлы соғыс жылдарында аталарымыздың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдегі жағдайларын сезбейміз-ау. Ұрпағы үшін, елі үшін және жері үшін жанын пида еткен ұлы адамдардың Ұлы Жеңіске қалай жеткенін ой елегенін өткіздік пе?!
Жан түршігерлік жағдайларды тек интернет желісінен немесе теледидардан көргенімізге шошып жатамыз. Ал аталарымыз қайыңның безіндей шымыр, деміне нан піскен жандар болған-мыс. Менің екі атам да сұм соғыстың ортасынан жараланып келген жандардың бірі. Интернет дамыған заманда бүгінгі күні https://pamyat-naroda.ru сайтына кіріп барлық майдангерлер туралы ақпаратты білуге болады. Толық түпнұсқа құжаттарды қарауға болатыны өте қуанышты жағдай. Өзімнің атам Сағынғали Сатаев 1919 жылы дүниеге келген. Майдан шебінде жаумен шайқасып сол жақ жамбасынан жараланған. Арнайы жасақтың 15-ші бригадасында паритизан болған қайсар қазақтың бірі. Атамнан 8 ұрпақ тараған. Менің әкем Бақытжан Сатаев сегіз ағайынның төртіншісі. Қазіргі таңда сегіз ұрпақтың үшеуі Теректі ауданына қарасты Социализм ауылында тұрады. Жұбайы Нұрбике Сатаева (әжем) тыл ардагері. Келместің кемесімен кеткенше атамыздың мінезін, ер азаматқа сай ерлігін үнемі үлгі тұтып бізге әңгімелеп айтып отыратын. Нағашы атам Серғали Қуаншалиев 1914 жылы дүние келген. 240 гвардиялық атқыштар полкі, 73 гвардиялық атқыштар дивизиясы пулемёт зводының командирі болған. Архивтегі құжаттарға сүйенсек (ол кезде қазақтардың есімі құжатқа орыс есімдермен жазылған екен), 1941 жылдың шілде айында майдан шебіне түсіп 1944 жылы 1 ақпан күні алты адамнан жасақталған топпен жаудың 12 винтовкасы мен бір пулетметчигін бағындырып, жаудың 8 сарбазын тұтқынға алған. Бірінші дәрежелі Данқ орленімен маратталған.
Жаумен шайқасып бес жерден жарақат алған екен. Оның төртеуі жеңіл жарақат болса, біреуі ауыр жарақат. Нағашы атамның ұлы да, қызы да бола білген жалғызы, менің анам Бұлбұл сол Теректі ауданының Социализм ауылында тұрады. Әкесінің ерлігін мақтан тұтып, құлағымызға өсиет етіп айтып отырады. Екі атам да Теректі ауданы Социализм елді мекенінде дүниеге келіп, сол жерде жерленген. Ерлігі елге өнеге боларлық аталарымның кіндік қаны тамған бұл мекен мен үшін құт дарыған қасиетті қоныс. Нағыз қайсар халықтың ұрпағы екенін дәлелдеген аталармызбен мақтан тұтамыз.
Бақыттыгүл Айдынғали (Сатаева),
Тасқала ауылының тұрғыны