21.01.2021, 19:04
Оқылды: 41

Атам жүріп өткен жол

Өзінің елу жыл қысқа ғұмырында Орда, Жәнібек аудандарында партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдарында жауапты қызметтер атқарған елге танымал, жайсаң азамат Латип Қойшыбаев 90 жасқа толған болар еді.

9ABE6D81-BD29-42A9-8D5B-F25481C77631

Оның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді. Шоңай Сталинград майданына жақын болғасын неміс ұшақтары елді мекенді бомбалап тұрды. Әкесі Хамит пен ағасы Ғалымжан майданға аттанып, бір үйелмен отбасын асырау тауқыметін анасы Маржан көтерді. Өзінің еңбек жолын 13 жасында бастаған Латип пошта тасыды. Баласы Тельманның естелігінде: «Әкем айтушы еді, пошта алып келе жатып, артымнан аш қасқыр ілесті. Баламын, айқайлап, жылап келемін. Қолымдағы таяқпен қаңылтырды соғамын. Солай біраз жүрдім, соңымнан қалмады. Сол кезде артымнан бір аттылы кісі келіп, қасқыр қашып кетті» деп айтып отырушы еді.

Еңбекпен шыңдалып, ерте есейген Латип 1946 жылдың қаңтарынан 1947 жылдың наурыз айына дейін Жиекқұм ауылдық кеңесіне қарасты «Жаңатаң» колхозында хатшы қызметін атқарды. Ордадағы үш айлық бухгалтерлік курсты бітіргесін, 1947-1950 жылдары Жиекқұм ауылындағы «Жұлдыз» колхозының, 1950-1957 жылдары Бисен ауылдық кеңесіне қарасты Киров атындағы колхоздың бас есепшісі болады. 1957-1960 жылдары «Орда» совхозы жұмысшылар комитетінің, 1960-1962 жылдары Орда поселкелік кеңесінің төрағасы болды. Кейін Октябрьдың 40 жыл-дығы атындағы ұжымшардың, сосын 1963-1965 жылдары «Жәнібек» совхозы болып өзгертілген кеңшардың партия комитетінің хатшысы, 1965-1979 жылдар аралығында Т. Жароков атындағы совхоздың, 1979 жылдан өмірінің соңына дейін «Свердлов» совхозында партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды.

Ол үнемі білімін көтеруге құштар болды. Орал ауыл шаруашылығы техникумында сырттай оқыды, 1970 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірді.  Жұмыс тәжірибесі мол, саяси білімді ол ұзақ  жыл өзі қызмет істеген ұжымдарда тәрбиеші бола білді. Қызметін адал, ынталы атқарып, талап-шылдық пен партиялық принципшілдік танытты. Атам кішіпейіл, адамдарға сергек қарайтын, ауылдастарының мұң-мұқтажын тыңдап, көмектесуге әзір тұратын.

Латип атам «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Аудандық партия комитетінің мүшелігіне, аудандық кеңес депутаттығына бірнеше рет сайланды. Ол көптеген облыстық, республикалық партия конференцияларына қатысты. Облысымызға танымал тұлғалар Т.Ишмақов, Қ. Салықова, Р. Егізбаев, М. Батыровпен бірге жұмыс істеді. Сондай-ақ кеңестік шаруашылықтардың директорлары  С.Елемесов, М.Мырзабаев, А.Уәлиев, Т.Мырзағалиев, партия қызметкерлері  А.Атаев, Х.Қабиев, тағы да басқа көптеген азаматпен қызметтес, жолдас болды. Ол кісінің жолдас-жоралары көп болатын. Иманқұл Құлшаров, Қадырәлі Қазиев, Қапи Ислямов, Боқан Жұмашев, Жексенбай Бекенов, Бақытжан Хамзин, Құмарғали Молдағалиев, Тимур Жапалақов сынды замандастарымен қоян-қолтық араласып тұрды. Үлкен отбасының басшысы болды, тума-туысқандарының өсіп-жетілуіне үлкен қамқорлық көрсетті.

Баласы Тельманның айтуынша, атамның үйінен қонақ арылмаушы еді. Тіпті Алматыдан Тайыр Жароковтың отбасы, ақын Сағынғали Сейітов, композитор Базарбай Жұманиязов сияқты көптеген танымал жандар келіп, сол үйге түсетін.  Атамыздың елге сыйлы жан болғанын мақтаныш етеміз, сағынышпен еске аламыз.

Тимур Хамитов,

немересі,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале