Бүгін облыс орталығындағы «Атамекен» өнер ордасында 70 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған ҚР халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін», І дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарының иегері, үлгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшісі Баян Құбайқызы мен оның сүйікті қызы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, филология ғылымдарының кандидаты, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі, айтыскер ақын Жібек Болтанованың «Ұстаз аманаты» және «Анамның әлдиі» атты жаңа кітаптарының тұсауы кесіліп, «Ән-Баян» атты фильм-концерті үлкен өнер ордасында дүркіреп өтті.
Концертке қазақ өнерінің қайталанбас тұлғасы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақконцерт» республикалық концерттік бірлестігінің солист-вокалисі, халқының ерекше құрметіне бөленген ерке әншісі Мақпал Жүнісова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Гүлмира Сарина қатысып, аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған фильм-концерттің ажарын ашып, дүбірін одан сайын дүркіретіп жіберді.
Өнер жолындағы еңбекқор жан атанған Баян Құбайқызы кішкентайынан әнші, актриса болуды армандаған еді. Ол 1971 жылы Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) орта мектебін бітіріп, арман жетегімен Алматы қаласындағы эстрадалық студиясының Ғарифолла Құрманғалиев класында оқып, дәріс алды. 1990 жылы Жалпақталға қайта оралған Баян Құбайқызы терме сыныбын ашып, өрімдей оқушыларды дәстүрлі өнерге баулыды. Өнер жолындағы ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, оған «ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілді. Осылайша, алақандай ауылда өнер көрсете жүріп «Баянның әндері-ай» атты кітап шығарған Баян апамыз, жанұялық ансамбль құрып, талай мәрте киелі сахнадан туған халқына өнер көрсетті. Баянның шығармашылығына бойлай берсең туған жер, ата-ана, бауыр, дос, табиғат, достық, махаббат тақырыптарындағы әдемі әндермен еркін жолығасың.
Иә, шынында сол әндері өлең болып сөйлеген, өлеңдері ән болып қалықтаған Баян Қабиеваның дара жолы асыл қазынаға айналып, өлмейтін шығармашылығы халықтың жүрегіне жол тартты. Ол республикалық, халықаралық әншілер байқауларының лауреаты, әуесқой композитор, үлгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблі мен өңірімізге танымал «Шапағат» аталар-әжелер ансамблі және бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанған «Қабиевтер» жанұялық ансамблінің жетекшісі. Өнерлі жанның бойына дәстүрлі әншілік қана емес, ақындық пен сазгерлік өнер де егіз қонған. Содан да шығар Баян апамыз дәстүрлі ән өнеріне табан аудармастан ұзақ жыл өлшеусіз еңбек етіп келеді. Өнерлі шәкірт тәрбиелеудегі ардагер ұстаз ретінде де Баян Құбайқызының рухани мәрттігі қайталанбас ерлік ретінде бағаланып жүр. Бүгінгі ел алдында дүркіреп өткен «Ән-Баян» атты фильм-концерті осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы