4.03.2024, 14:59
Оқылды: 151

Атқа мінгіңіз келе ме?

Атқа міну қазақтың қанында бар. Батыр бабамыз жауға шапқанда да, еңбекқор халқымыз мал баққанда да, жүз күндік сапарға да осы бір қасиетті жануарды көлік еткен.  Ауылдық жерлер осы бір құндылығымыздан алыстай қойған жоқ. Атын ерттеп, керегіне қажетінше пайдаланып-ақ жүр. Ал қалада ше?

ат (1)

Нағыз қазақ өмірінде бір рет болсын атқа мініп көруі керек деп ойлаймын. Бұл жазылмаған заңдылық. Осы заңдылықты орындау үшін бе, әлде қандағы қасиетті жануарға деген қызығушылық па, әйтеуір атқа мінгіміз-ақ кеп тұрады. Дегенмен қалада салт атты табу оңай емес. Міне, осы себептен қалаларда соңғы уақытта ипподромдар көп ашылуда. Енді кез келген ақсайлық та атпен серуендеуге мүмкіндік алды. Мұндай қызметті Бөрлі ауданындағы «Дүйсембаев» шаруа қожалығы ұсынады.

ат (2)

Ақсайдан 25 шақырым жердегі Пролетарка елді мекенінде орналасқан шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қой, ірі қара мал мен жылқы бағып отырған қожалық иесі сұраныс артқандықтан атқа міну қызметін ашқан.

− Бала кезден мал бағып, ауылда өскендіктен бүгінде осындай шаруа қожалығының қызметін жүргізіп отырмыз. Көпшілік жерде жүргенде атқа мінгісі келетіндер көп екенін түсіндім. Әсіресе қала адамдарынан сұраныс көп. Бағып отырған соң салт аттың болуы заңдылық. Оның үстіне бәйгеге шабатын ағылшын жылқылары да бар. Қожалық орналасқан елді мекен де ыңғайлы орында, жазық далада. Сол себептен атпен серуендеу қызметін ашуды жөн көрдік. Бүгінде сұраныс артып, келушілер қатары көбейді, − дейді шаруашылық иесі Хасан Сырлыбай.

ат (3)

Бұл шаруа қожалыққа келіп атқа мінудің оңтайлы тұсы аз емес. Белгілі бір аумақта емес, ашық алаңқайда емін-еркін атпен шауып, физикалық тұрғыдан демалып, рухани байып қайтасыз. Сондай-ақ таспаға түсіп, фотосессия жасау үшін келетіндер де аз емес. Балаларын атқа қондырып, ата дәстүрді ұлықтайтындар да бар екен. Олардың арасында жай жан рақаты мен құнды демалыс үшін келетіндер де бар. Оның үстіне балаларын ертіп келгендерге ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігімен таныстыруға мүмкіндік мол.

− Балаларға бәрі қызық. Әсіресе жаңа туылған сүйкімді бұзау, құлындарды көріп қатты қызығады. Сонымен қатар әр жануар өзінше күтім қажет ететіні, олардың ерекшеліктері тағы бар. Міне, соларды да түсіндіріп, қыр-сырымен бөлісеміз. Келушілердің өтініші бойынша ерттеуді көрсетіп, үйрететін кезіміз де болады, − дейді Хасан Серікұлы.

ат (4)

Қаймана қазақтың қамы үшін, ұлттық құндылықтар ұмыт қалмасын деген мақсатта шаруашылықтың жасап жатқан бұл ісі құптарлық екені рас. Оның үстіне атпен серуендеудің денсаулыққа да мол пайдасы бары көпке аян. Аттың үстінде денедегі тепе-теңдікті сақтау бұлшық еттің қатаюына септігін тигізгенмен қатар иппотерапия қан айналымы, тыныс алу мен ас қорытуға да оң ықпал етеді.

Кейіпкеріміз өз сөзінде бәйгеге ат баптайтынын да айтқан еді. 2020 жылдан бастап бәйге аттарын бағуды бастаған кәсіпкер жануарларды Ресейден арнайы алдырған. Ағылшын жылқылары бүгінде біраз бәйгеде жеңіске жетіп, қанжығаны майлап жүр. Әсіресе бәйгесүйерлер арасында «Ботагөз» атты торы ат танымалдылыққа ие. Міне, осы жануарлардың қыр-сырымен бөлісіп, ерекше күтімді қажет ететін аттарға қандай жағдай жасалу керектігін де білуге болады қожалықтан.

ат (5)

− Сұраныс көбейіп келеді. Атқа қызығатындар қатары күннен күнге артуда. Қалада қора салып, ат асырау мүмкіндігі болмаған соң бізге келіп, атпен серуен құратындар көп. Ақсайдан алыс жерде болмағанымыз да тұрғындарға тиімді болып тұр. Ауыл жанындағы табиғат та тамаша. Осының барлығы атпен серуендеу қызметіне өзіндік үлесін қосып тұрған шығар. Алдағы уақытта қала ішінен де ипподром ашып, тұрғындарға тіптен тиімді жағдай жасау жоспарда бар, − деп қуантты кәсіпкер.

Қаланың тіршілігінен шаршағанда атқа мініп дала кезгің, қарбалас өмірден қалыс қалғың келгенде ауылға кеткің-ақ кеп тұрады. Міне, осындай рухани демалысты «Дүйсембаев» шаруа қожалығында ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Кім білген, бәлкім келешекте бұл жерде тіпті киіз үйлер жалға беріліп, табиғи таза өнім дастарханға қойылып, үлкен демалыс аумағына айналар. Себебі қызыққан адамға атпен серуендеуге мүмкіндік сыйлап отырған кәсіпкер Хасан Серікұлының келешекке жоспары аз емес.

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале