30.11.2021, 15:40
Оқылды: 68

Атқа міну– асыл өнер

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық өнерімізді, дәстүрімізді кеңінен насихаттағаны мәлім. Атқа міну мәдениетін елдің есіне салған ол: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде ерекше күштің иесіне айналды. Шапқан аттың үстінен садақ тартудың шебері болған» деген еді.

1

Ия,  жылқы – жеті қазынаның бірі. Қазақтың тағдыры ежелден жылқы малымен біте қайнасқан. Мінсе көлік, жесе тағам, жаугершілік заманда ердің қанатына айналған да дәл осы жылқы. Ежелден қалыптасқан жылқыны  асырап-бағу, міну мәдениеті бар. Ал, осы мәдениетті жалғастыруға сарыөмірлік Айкөркем өз үлесін қосуда.

Айкөркем сәйгүлік жаратып, бәйгеге шабады. Жылқыны үйірімен алдына салып баққанды жаны сүйетін ару  ат құлағында ойнайды. Дала төсінде еркін тыныстаған Айкөркемнің жаны жасандылықтан аулақ. Опа-далап, әшекей бұйым, жылтыраққа қызықпайды. Бастапқыда  ерке өскен қыздың құрық ұстауына кейбіреулер теріс көзбен қарағаны да болды. Дегенмен,  өжет те  қайсар қыз қылқұйрықтың бабын табуда ер адамнан кем түспейтінін дәлелдеген.

-Мен Ғұбайдуллиндер әулетіненмін. Атам 40 жыл мал шаруашылығымен айналысқан адам. Соның ішінде жылқыға  көп көңіл бөлген. Ол кісі құрығын әкеме тапсырған екен.  Әкем де мал бағады. Біз үйде 6 ағайындымыз.  Әпкем, екі ағам, екі інім бар. Мен үйдің ортаншысымын. Әкем атқа мінуді 4 жасымнан бастап үйретті. Содан бері мен жылқыға үйірсекпін. Аттың жалынан сипап, ат үсті серуендеу тыныштандырады. Технология заманы дегенімізбен, ата-бабадан келе жатқан, қанымызға сіңген  тектілігімізді ұмытпау керек деп ойлаймын, –дейді жас шабандоз.

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале