Бүгін Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев «Орал құю-механикалық зауыты» ӨК директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жерлесіміз Алтай Мұқанбетқалиевті қабылдады. Қабылдауда аудан әкімі Алтай Ғаббасұлына «Казталов ауданының құрметті азаматы» атағын табыс етті.
Алтай Ғаббасұлы еңбек жолын 1969 жылы Бостандық совхозында слесарь болып бастаған. Кейін Саратов ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң 1975 жылдан 1985 жылға дейін ауыл шаруашылығы МТМ басшысы, кейін бас инженер болып жұмыс атқарған.
1985-1996 жылдары Қошанкөл совхозының директоры қызметтерін атқарып, халық алғысына бөленген. Қазіргі уақытта «Орал құю-механикалық зауыты» ӨК директоры қызметін атқарып жүр. Елім деген азамат бүгінгі күні ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына меценат ретінде қолдау көрсетіп жүр. Елге еткен еңбегі еленіп, бүгін арнайы атаққа ие болды.
Қабылдауда ауданымыздың ауылшаруашылығы саласын дамыту, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Алтай Ғаббасұлына «Казталов ауданының құрметті азаматы» атағын және ауданымыздың жеті кереметі бейнеленген естелік сыйлық табыс етіп, жылы лебізін білдірді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz