8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов түрлі салада еңбек етіп, қоғам дамуы жолында қызмет етіп жүрген белсенді әйелдер қауымымен кездесті. Кездесуге келген әйелдер арасында қол күресінен Азия және Әлем чемпионы, шағын кәсіп иелері, кітапханашы, тігінші, мұғалім, сот актілерін орындаушы, пошташы және тағы басқа да маман иелері бар.
Көрікті кездесуде аудан басшысы әйел-аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ауданымыздың дамуына үлес қосып жүргендері үшін алғыс айтты.
- Осындай айтулы күн, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Әр отбасының ұйытқысы болып отырған өздеріңіз ардақты аналар, жан-жағына жылулық сыйлайтын апа, қарындастарымыз әрқашан мақтауға, құрметтеуге лайық. Тек қана отбасының ұйытқысы болмай, қоғамда белсенді жұмыс атқарып келесіздер. Ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттің қолдауын уақытылы пайдаланып, өз істеріңізді ашып жатырсыздар. Нәзік жанды әйелдер еңбегімен баршаға үлгі болып, бизнес саласында да табысты еңбек етіп, маңызды мемлекеттік құрылымдарын басқарып, барлық саяси істерге де белсене қатысып келеді.
Өздеріңіздің істеріңізбен, әрекеттеріңізбен көпке үлгісіздер. Осынау көктемнің шуақты мерекесімен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақыт, дендеріңізге саулық тілеймін. Көктем мерекесінде құлпырып, жайнап жүре беріңіздер, - деп аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы кездесуге жиналған әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтады.
Кездесу барысында жиналған арулар өздерінің бастарынан өткен оқиғаларын айтып, аудан әкімдігіне шағын кәсіп ашу кезінде көмек көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.
- Барлық әйел қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбасыларына бақыт тілеймін. Осындай мерекелік шараға шақырғаны үшін аудан әкімдігіне алғыс айтамын. Мен Пугачев ауылының тұрғынымын. Шағын құс-мал шаруашылығымен және еріктілік қызметпен айналысамын,- дейді Пугачев ауылының белсенді азаматшасы Күлән Ниталиева.
Мерекеге арналған жарқын кездесудің соңында аудан басшысы барша қатысушыларға сыйлықтар, гүл шоқтарын табыс етіп, естелік суретке түсті.
Ары қарай кездесу аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен «Әйел – Әлем» атты салтанатты мерекелік концертпен жалғасты. Концерт барысында аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов Әсел Куджанова мен Татьяна Асаубаеваны Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысының «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісімен наградтады. Сонымен қатар белсенді әйелдер қауымын аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы алғыс хатпен және гүл шоқтарымен марапаттады.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz