14.03.2024, 17:45
Оқылды: 62

Аудан әкімі еңбек ардагеріне көрісе барды

Көнеден келе жатқан көрнекті мереке - Көрісу күнінде Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов аудан тұрғыны, еңбек ардагері Мұратбай Сүйенғараевтың шаңырағына көрісе барды.

WhatsApp Image 2024-03-14 at 15.25.51

Еңбек жолында қарапайым шопан болып бастаған Мұратбай ата, адал да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде алдымен жеп-шөп цехының бастығы, кейін партком төрағасы, одан соң кәсіпорын төрағасы қызметтерін атқарған. Оған қоса Мұратбай Ықыласұлы1981-1985 жылдары «Красный маяк» колхозының, ал 1991 жылда бастап зейнет жасына дейін «Миргород» совхозының төрағасы болып қызмет еткен. Осылайша, ауданның дамуы жолында біркісідей атсалысқан ер тұлға.

Ақсақалдың өнегелі өмірі жайында ауданның төл басылымы үнемі жариялап, өскелең ұрпаққа үлгі етіп отырады. Жолдасы Дариға Исмадиновнамен 10 бала тәрбиелеп өсіріп, ұлдарынын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бүгінде мәуелі бәйтерек болып отыр. Әкенің дара жолын көріп өскен перзенттеріде елдің дамуы жолында қызмет етіп жүр. Өз сөзінде аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, Мұратбай Ықыласұлының сіңірген еңбегіне алғыс айтып, мерекемен құттықтады.

- «Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн екенін жақсы білесіз. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші сіздің әрбір айтқан бата-тілектеріңіз кейінгі жас буынға рухани азық. Бүгін осындай керемет күні арнайы шаңырақтарыңызға келіп отырмыз. Ортамызда аман-есен отыра беріңіздер. Дендеріңіз сау болып, әр жыл сайын осылай көрісуге жазсын, - деді аудан басшысы.

Аудан басшысының арнайы келіп, көрісіп, амандық сұрасқанына ризашылық білдірген ақсақал ақ батасын берді.

- «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы ұстанып, «ауданымыздың ақсақалы» деп әдейілеп үйге келіп, құрмет етіп, көрісіп келіп жатқандарыңа рахмет. Біз кезінде осы ауданның дамуына азды-көпті үлесімізді қосып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп жатқан жандармыз. Елдің жайын газеттен оқып, біліп отырамын. Соңғы жылдары ауданда ауқымды істер атқарылуда. Соның бәріне тілекшімін. Манадан бері Астана, Алматы, қала берді ауыл-аймақтан хабарласып, үйге келіп амандасып жатқан жан көп. Осылай бір-бірімізге құшақ жая көрісіп, жақсылық тілеуіміздің негізі еліміздің тыныштығында. Осы тыныштығымыз ұзағынан болсын. Қазір өте құбылмалы заман болып тұр. Соның залалы ешкімге тимесін, - деп ақсақал батасын берді.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале