Алғыс айту күні қарсаңында Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов медицина саласының ардагері Ерсайын Тасболатов пен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қуат Шәкіровты арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.

– Еліміздің өсіп-өркендеуі мен ауданымыздың дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлерінің орны ерекше. Сіздердің көп жылғы адал қызметтеріңіз кейінгі буынға үлгі. Қай салада болмасын, табандылық пен жауапкершіліктің, кәсібилік пен адамгершіліктің биік үлгісін көрсеттіңіздер. Осындай азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ ол алдағы 15 наурызда өтетін Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумның маңыздылығына тоқталды.
– Референдум – ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың жауапкершілігін айқындайтын тарихи сәт. Конституциялық өзгерістер мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Сондықтан сіздерді маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын, – деді аудан басшысы.
Қуат Шәкірұлы ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, қой шаруашылығын дамытуға үлес қосты. Өмір жолын қарапайым еңбекпен өріп, зейнет жасына дейін совхозда шопан болып қызмет атқарды. Бүгінде ұлдарының қолдауымен «Мейрамбек» шаруа қожалығын басқарып, кәсіптің берекесін арттырып отыр.

Ерсайын Избасарұлы – медицина саласында 46 жыл үздіксіз еңбек еткен тәжірибелі дәрігер. Еңбек жолын инфекционист ретінде бастап, кейін аудандық емханада терапевт, дәрігерлік амбулаториялар мен емханаларда бас дәрігер қызметтерін атқарды. Мыңдаған адамның денсаулығын сақтауға үлес қосқан білікті маманның еңбегі бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттармен бағаланған.
Аудан әкімі ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, аудан дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы