Бүгін Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаев аудан орталығындағы саябақтардың жағдайымен танысты. Алдымен С.Бабажанов көшесі бойындағы «Даңқ» саябағына барып, мәдени-демалыс орталығының директоры Мұхит Сисеновтен атқарылып жатқан жұмыстар мен туындаған мәселелер туралы ақпарат алды.

Саябаққа тұрғындардың малы жиі кіріп кететіні және техникалық судың жеткізілмеуі сөз болды.
Содан кейін Тәуелсіздік саябағын аралап, балалар ойын және көше спорт алаңдарының жағдайын көрді. Кейбір құрылғылардың жарамсыз күйге түскені анықталды. Су жетіспеушілігіне байланысты әкім жарамсыз құбырларға ақау актісін жасап, орнына пластикалық құбырлар тартуды тапсырды.

Айта кетейік, тұрғындардың сұранысы бойынша өткен жылы Тәуелсіздік саябағына көше спорт алаңы, ал биыл балалар ойын алаңы салынған болатын. Алдағы уақытта саябақтарды көркейту жұмыстары жалғасады.
Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы