“Бөрісырғақ” деген бар. Түскен қарды жылымық ылғал отырғызып, оның үстін үскірік жел мен аяз мұздақ етіп қатырса, адамға да, малға да қиын. Биылғы жыл қырдағы ағайын үшін осындай бейнетпен басталды. Жаратқанның бұл кезеңін қазақ «қыс шілдесі» деп атаған. Қорадағы малдың жем-шөп жеу көлемінің артуы, тіпті даладағы жылқының тебіндей алмай қысқы азыққа мойынсұнуы шаруагерлердің шаруасын шаш етектен қылады. Осындай машақат уақытта қыстақтарды аралау, жұмысшылардың жағдайын білу көңілді жылытпай ма?!

Кеше Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов аялдаған шаруашылықтың бірі - “Миллат”. Алғабас ауылындағы белді қожалық 2002 жылы құрылды. Қазір жетекшісі Ержан Қадыралин әкесі Миллат бастаған кәсіптің тізгінін ұстап, бейнеті мен берекенің ара салмағын түсінуде.

Қожалықта бүгінде 280 бас ірі қара, 150 бас жылқы бар. Агрегаттар саны да көлемді. 2024 жылы 90 млн теңге қаражат есебінен 1 дана «Buhler» тракторы және құны 73 млн теңгені құрайтын комбайн сатып алған. Одан бөлек, көктемдегі далалық жұмыстарды күтіп күтіп, тұрақта 5 «Беларус», 1 «Lovol» тракторы, 2 дана КамАЗ және шөп шабу, буу, жер жыртуға арналған қосымша техникалар тұр.

Шаруашылық егіс науқанында 4000 гектар жер көлемінің 2000 гектарына бидай, судан, еркекшөп, арпа дәнін салады. Егін егу ісін 2015 жылы бастаған шаруа 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Былтыр аталған шаруашылық қысқы азықты толықтай дайындап қойғаннан кейін күтпеген сынаққа тап болды. Тілсіз жаудың салдарынан 1800 бума шөп өртеніп кетті. Алайда қиындыққа мойымаған “миллаттықтар” Ақсай қаласынан қосымша шөп сатып алып, оны өз күштерімен тасымалдап алыпты.
Қоңдыкер Жеңісұлы,
Сырым ауданы