Кеше аудан әкімі Рүстем Зұлқашев республикалық «Jaidarman JUNIOR» жобасының жүлделі II орынға ие болған «Қос өзен» командасын қабылдады. Қабылдауда команда жетекшісі Нұргелді Камаледенов елордада өткен маусымашар ойындары жөнінде баяндады. Сонымен қатар команданың сахнадағы ойыны мен осы күнге дейінгі жетістіктерін атап өтті. «МАУСЫМАШАР-2023» республикалық фестивалінің қортындысы бойынша ауданымыздың «Қос өзен» құрамасы «Jaidarman JUNIOR» жобасының жүлделі II орынға ие болып, «Jaidarman JUNIOR» жобасының жазғы кубогіне жолдама алған болатын.
Аудан әкімі жайдарманшыларды жетістігімен құттықтай отырып, сәттілік тіледі.
- Ауданымыздың мәдениет саласы қарыштап дамып келеді. Мәселен, күні кеше ғана ақпәтерлік «Термешілер» ансамблі мен халықтық «Қарлығаш» би ансамблі жүлделі орындардан көрінді. Сіздердің бас қаламыз – Астанадағы жетістіктеріңізден де хабардармыз. Өткір әзілдеріңізбен елдегі, аудандағы, жалпы қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғап, көпшілікке ой салып жүрсіздер. Біз жергілікті атқарушы орган тарапынан жерлестерімізге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз, - деді аудан әкімі.
Рүстем Мүлкайұлы құрама мүшелеріне арнайы тігілген жейделерді тарту етті. Команда жетекшісі Нұргелді Камаледенов аудан әкімі мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішеваға «Қазақстан КВН одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукеннің алғыс хатын табыс етті. Айта кетейік, «Қосөзен» құрамасының республикалық додада өнер көрсетуіне Казталов ауданының Құрметті азаматы Алтай Мұқанбетқалиев қолдау көрсетті.
Жиында аудан әкімінің жеке қабылдауына халықтық «Қарлығаш» би ансамблін де жоспарланғаны айтылды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz