11.11.2022, 23:18
Оқылды: 11

Аудан әкімі жастармен кездесті

Бүгін Жәнібек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың коворкинг залында аудан әкімі Азамат Сафималиев аудан жастарымен кездесті.

1668186278074

Аудан әкімімен сұхбат жүргізген орталықтың басшысы Мөлдір Әбдірешева әр саладан жиналған жастармен таныстырып шықты.

Кездесуге аудан орталығындағы мектептердің, колледждің жас мамандары, аурухана, шекара, полиция, төтенше жағдайлар бөлімдерінің мамандары және жастар тәжірибесімен жұмыс жасап жүрген жастар қатысты. Сонымен қатар орталықтың басшысы аудан әкімінен өзі туралы қысқаша ақпарат беруін, отбасы туралы айтуын сұрады.

Өз кезегінде аудан әкімі Азамат Сафималиұлы туып өскен жері, оқу бітірген орны, алғашқы еңбек жолы туралы айтып берді.

Отбасында 4 перзент тәрбиелеп отырғанын, олардың тәрбиесіне баса назар аударатынын айтып өтті.

Аудан жастары аудан әкіміне көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарымен бөлісті.

1668186297709
Аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Мейрамбек Шайдуллин аудан әкіміне «Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?», Жайнагул Хамидолла «Кітап оқисыз ба?», «Ауданымызға облыстан мамандар шақырып жастарға семинар-тренингтер өткізуге мүмкіндік бар ма?», жас маман Аян Қуанышұлы «Халыққа қызмет ету мемлекеттік қызметкердің парызы дегенді қалай түсінесіз?», «Әкімдікке келген 5 жыл ішінде ауданымыз туралы қандай ой қалыптастырдыңыз?» сынды сұрақтары қойды.

1668186321005
- Қазіргі жастар білімге, жаңалыққа құштар. Әрдайым жоғарыдан көрінуге тырысады. Өз ойларын ашық айтып, болашаққа жоспар құра біледі. Менің қазіргі жастарға көңілім толады. Кітап оқуға келетін болсақ жас кезімізде көп оқитынбыз, қазір жұмысымыз кітап оқуға көп мүмкіндік бермейді. Ал семинар-тренингтер өткізу туралы сұрағыңыз өте орынды жастарды жан-жақты дамыту керек. Бұл турасында, мен орынбасарларыма тапсырма беремін, жұмыстанады. Өзіңіз айтып отырғандай халыққа қызмет ету біздің парызымыз. Біз халықтың, мүддесі үшін жұмыс жасауға, елдің жағдайын жасап, көңілінен шығуға тырысамыз. Иә, әкім болып келгеніме 5 жыл болыпты, осы бес жыл ішінде Жәнібек менің туған жерімдей боп кетті. Халықтың түсінігі мол, татулығы мығым. Басқа аймақтарда небір жағдайлар болып жатыр бірақ біздің аудан тыныштықты, бірлікті ту етіп әрдайым қандай жағдай болса да ауызбіршілік танытуға тырысады. Басты мақсат — елдің, ағайынның амандығы, - деп жауап берді әкім.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Тұрарбек Өтегенов суға бату көрсеткіші көбейіп кеткенін. Осы орайда «Тұрғындарға арналған суға түсу орындарын салу жоспарда бар ма?»,- деген мәселені қозғады.

Осы тұста жас маман Аян Қуанышұлы аудандағы су қоймаларының суын тазартып, айналасын қоршап, шағын жағажайлар жасау турасында жоба жасап жатқанын, жуырда облыста сынға түсетіндерін айтып, аудан әкімнен қолдау сұрады. Аудан әкімі жастардың мұндай бастамасын әрдайым қолдауға дайын екенін, жобасымен танысып шығу керектігін айтты.
Сондай-ақ басқа да қатысушылар «Хоббиіңіз қандай?», «Үйде тамақ дайындайсыз ба?», «Айнаға қарағанда кімді көресіз?» сияқты сұрақтар қойды.
Аудан әкімі жастардың қойған барлық сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын қабыл алды. Алдағы уақытта жоспарға енгізіп, шаралар қолданатынын жеткізді.

Бақытжан Серіков,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале