Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова «Тақсай - 2023» жазғы жастар лагерінің ашылуына қатысты. Теректі ауылдық округіне қарасты Тақсай ауылындағы жастар лагері тұтастай екі күнге созылады.
Аудан басшысы Әлия Биғазықызы еркін форматта теректілік жастармен тілдесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Әкіммен сұхбатты аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Нұрсұлтан Қадырғалиев жүргізді.
Теректілік жастар әкіммен кездесу барысында өзекті бірқатар мәселені тілге тиек қылды. Олардың қатарында жастар жетекшілерінің мардымсыз жалақысы, шағын футболдан аудандық лиганы қайта жандандыру мәселесі, бар жанарды жаулаған «Жайдарман» ойындарын аудан аумағында насихаттау, ұлттық спортты, соның ішінде көкпар ойындарын дамыту секілді түйткілді жайттар Теректі жастарын толғандырады.
Аудан әкімі айтылған әр мәселеге нақты жауап беріп, ел болашағы саналатын жастарды әрдайым қолдайтынын жеткізді. Лагерь жұмысы жастардың концертіне жалғасты.
Аталмыш шараны ұйымдастыруда ресурстық орталықпен қатар, «Іс үшін-За дело» ЖҚБ төбе көрсеткендігін атап өткен жөн.
Әділет Әлібек,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz