Николай АНЦИПРОВИЧ, Переметный ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері:
-Аудан атауын өзгерту көптен айтылып жүрген мәселе. Жауыр болған түйткіл талқыланған жиынға денсаулығыма байланысты бара алмадым. Дегенмен жергілікті басылым беттерінен оқып, қуандым. Бұл заман талабына сай айтылған ұсыныс. Аудан атауының Бәйтерек деп өзгертілуі егемен елдің ертеңі саналатын өскелең ұрпақ үшін де маңызды. Өз басым талайды тамсандырған Астана қаласында төрт мәрте бардым. Әр сапарымда міндетті түрде Бәйтерек монументінде боламын. Қазақ халқы үшін киелі саналатын Бәйтерек атауын біздің аудан иемденгені оң шешім болар еді.
Теміржан ИМАНҚҰЛОВ, еңбек ардагері:
-Еліміз егемендік алып, еңсемізді тіктегенімізге ширек ғасырдан асты. Осы кезеңде «қазақ» деген ұлт, «Қазақстан» деген ел бар екендігін бүкіл әлем мойындады. Бұл жетістіктер Елбасымыздың салиқалы саясатының оң нәтижесі деп білемін. Небір қилы заманның салқындығынан туған жеріміздің жер-су атаулары орысшаланып кетті. Шүкір, бүгін етек-жеңімізді жинап, ата-бабаларымыздың аманатын қайтара бастадық. Елдегі шапағат біздің ауданғада тиіп, атауы өзгереді дегенді естігенде қуанышымда шек болмады. Бұл - өте құптарлық жағдай.
-Осы ауданда дүниеге келіп, бар саналы ғұмырымды өңірдің өсіп-өркендеуіне арнадым. Еңбек жолымды аудандық комсомол комитетінен бастап, кейін партия комитетінде бірқатар лауазымды қызметтер атқардым. Бүгінде зейнеткер болсам да, ауданның қоғамдық өмірінен қол үзген емеспін. Ауданның атауын өзгерту біраз жылдан бері айтылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанда тұрғандықтан, қазақ халқының тілі мен дініне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бағалай білуіміз керек. Аудан атауының Бәйтерек деп өзгертілуін қолдамасам, еш қарсы емеспін. Астана символымен біздің аудан аттас болатынына өте қуаныштымын.
Любовь СЕБЕЛЬДИНА, ауыл тұрғыны:
-Аудан атауын өзгерту - біздің және бүлдіршіндеріміздің болашағы. Жаңашылдықты дұрыс түсінбей, қарсылық танытып жүргендер құжат ауыстыру керек деген сылтауды жалаулатып жүр. Өз басым халыққа қызмет көрсету орталығында болып, кеңес алдым. Мен жеке басымның куәлігін 2025 жылы ауыстыруым керек. Ал сол уақытқа дейін бұрынғы куәлігіммен жүре беремін. Мұндай қате түсініктерден арылу керек.
Елена ШУШЛЕБИНА, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Бұл аудан біздің жанұямыз үшін өте ыстық. Менің әке-шешем де, мен де осы ауданда туып-өстік. Білім алдық, өз отбасымызды құрып, қолымыздан келгенше еңбек етудеміз. Тәуелсіз еліміз күн санап дамып өркендеп келеді. Қазақстан жеріндегі әрбір елді мекен сол көштен қалып қоймай, алға қарай жылжып отыруға талпыну керек. Міне, біздің ауданның атауын өзгертеді деген де жақсы хабар бар. Бұл бастаманы қуана қолдаймын. Астана қаласындағы Бәйтерек монументі - біздің елдің мақтаныштарының бірі. Сол себепті атауы тарихы терең, алып, киелі теректің атауын иемденуін отбасымызбен толық қолдаймыз.
Әлихан ЖАРЫЛҒАСОВ, ауыл тұрғыны:
-Қазақ елінде туып-өсіп, тұрмыс кешкен соң әрбір адам өз тілі мен тарихын құрметтеу керек деп ойлаймын. Мен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын толықтай қуаттаймын. Зеленов ауданының атауын өзгерту де сол бастаманың біз арнасы іспеттес. Аудан атауын жаңғырту, орыс тілін түбегейлі жою деген сөз емес. Біз - тәуелсіз елміз. Өңірімізге шетелдерден келушілер де көп. Сондықтан жер-су атауларының қазақ тілінде болғаны дұрыс.
Вера КАБАНКИНА, Зеленов ауданындағы Первосоветск мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
Еліміз егемендігін алғанына 27 жыл. Енді келмеске кеткен Кеңес заманының атауларынан арылып, төл атауларымызды толықтай қалпына келтіретін уақыттың жеткені анық. Түрлі кілттерді ашсақ, тарихи атауларға байланысты ешқандай дау-дамай, түсінбеушілік орын алмайды. Тек соларды анықтап, дәлелмен жеткізе білуіміз керек. Зеленов ауданының 22 округінде осы мәселе талқыланды. Бүгінгі күні аудан атауын «Бәйтерек» атауына өзгертетін уақыт келді.
Рагуф Бахыш-Оглы МАХМУДОВ, Зеленов ауданының тұрғыны:
Мен отбасыммен Зеленов ауданында өмір сүріп жатқан Әзірбайжан ұлтының азаматымын. Аудан атауын заман талабына сай өзгерту тұрғындар арасында көптен бергі көтеріліп келе жатырған мәселе. Татулығы мен бірлігі жарасқан қазақ еліне ризашылығымды білдіре отырып, аудан атауының «Байтерек» болып, өте терең мағыналы атауға өзгерсе екен деген пікірімді бар.