23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күні. Бөрлі ауданының тұрғындарына қала және ауылдық округтерде барлығы 26 кітапхана қызмет етеді. Оның 1-і аудандық, 1 орталық балалар кітапханасы мен балалар кітапханасының филиалы, 5 қалалық және 18 ауылдық кітапхана. Сонымен қатар Бөрлі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 123 қызметкер еңбек етеді.
Кітапхана − ең бірінші кезекте оқырманға қызмет ететін мекеме. Қоғамдағы рухани байлықты арттыру мен ілім-ғылымға деген қызығушылықты көбейту мақсатында тынымсыз тірлік ететін де осы мекеме. Заман ілгерілеген сайын жаңа технологиялар да құлашын кеңге жаятыны заңдылық. Осы тұста аудандағы кітапханалар да жаһандану көшінен қалмай, даму мен жаңғырудан қалыс қалған емес. Одан бөлек кәдімгі "қағаз кітап" та құндылығын жоғалтқан жоқ.
Жалпы бүгінгі күні Бөрлі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде барлығы 418 мың данадан астам кітап бар екен. Олардың ішінде 119 мың қазақша кітаптан бөлек шет тіліндегі, аудио және электронды форматтағы түрлері бар. Бұл кітаптардың барлығы кез келген оқырманға қолжетімді. Аудан мектептерінің кітапханаларында 512 119 дана кітап болса, оның 384 245 данасы оқулық болса, 127 874 дана көркем әдебиет кітаптары бар екен.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz