Ұлттық мерекеміз 25 қазан - Республика күніне орай С.Сейітов атындағы кітапхана «Елім менің - Қазақстан» атты шара ұйымдастырды.
Егемендігіміздің жолындағы тарихи қадамның маңыздылығын айшықтаған басқосуға аграрлық-техникалық колледж студенттері қатысты.
Алдымен қатысушылардың бәрі айбынымызды асырып, рухымызды қанаттандыратын гимнді қосыла шырқады.
Осыдан соң кітапханашы Т.Сейтжанова шежіреміздегі ерек мереке Республика күнінің шығу тарихы, Егемендігіміздің негізін қалап, мемлекетіміздің шекарасын шегендеген декларация туралы молынан мағлұмат берді.
Осы айтылғандарды алпауыт Одақтың құрамынан шығып, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіне батыл қадам жасалған күннің мән маңызы кеңінен баяндалатын бейнеролик толықтырды.
Қатысушылар да шарада белсенді болып, елімізді, атамекен, жерімізді, Отанымызды жырға қосқан А.Нәріков, А.Бақтыгереева, Ғ.Сейтақ, Қ.Аманжолов секілді ақындарымыздың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Мемлекетіміздің тарихынан сұрақтар қойылған викторинада колледж студенттері алғырлықтары мен білімін айқын көрсете білді.
Шара Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқауымен мәреленді.
Тұрсынай Сейтжанова,
С.Сейітов атындағы
аудандық кітапхананың кітапханашысы
Ақжайық ауданы