Жуырда Казталов ауданы орталығында үш бағыт бойынша техникалық су жіберу жұмыстары бастау алды. Техникалық су өтетін ескі құбырлар тазартылып, олқылықтар қалпына келтірілген. Қайта іске қосылған техникалық су үш бағыт бойынша белгілі бір уақыт аралығында беріледі. Бұл туралы Казталов ауданы әкімдігінің Казталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорыны директоры м.у.а. Мержан Хамитов мәлімдеді.
-Қазіргі уақытта бірқатар кемшіліктер қалпына келтірілді. Дегенмен, құбырлардағы және мұнаралардағы ақауларды анықтау, жөндеу жұмыстары жалғаса береді. Бүгінгі таңда Х.Жақып көшесі бойындағы, Казталов аудандық электр торабы маңындағы және М.Әуезов көшесіндегі су мұнаралары арқылы техникалық су жіберіп жатырмыз. Ауыл тұрғындары сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 17:00-21:00 аралығында техникалық суды пайдалана алады. Дегенмен, «судың да сұрауы барын» естен шығармай, техникалық суды да мақсатты пайдаланғанымыз жөн, - деді ол.
Аудан орталығындағы техникалық су арқылы саябақтар мен абаттандырылған қоршаулардағы көшеттер де суарылатын болады. Ол үшін арнайы кесте бекітілген.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz