27.03.2017, 16:20
Оқылды: 28

Аудан орталығының мәселелері айтылды

 

Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин аудан орталығының халқымен кездесті.


Жиында Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғибрат Айтқалиев маусымдық мал бағу жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде хабарлама жасады. Оның айтуынша, Жәнібек ауылында мал өріске тоғыз бағытта 1 сәуірден бастап шығады. Бағасы былтырғыдай – бір басқа 100 теңгеден болып бекітілді.

Мұнан соң сөз алған аталған ауылдық округ әкімі Мұстахим Қабдысалиев сәуір айында бірнеше сенбіліктер өтетінін айтып, оған ауыл тұрғындарын белсенді қатысуға шақырды. Ол сондай-ақ биыл ауылға жүргізілетін ауыз судың құбырларына арналған траншеялар қазылатындығын, сондықтан малды бос жібермей, өрістен қарсылап алу қажеттігін ескертті.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауылды көп жылдар бойы жиналған күл-қоқыстан арылту, бұралқы иттерді жою секілді мәселелер көтерілді. Басқосуда ауыл тұрғыны, Самиға Қайырова сөз сөйлеп, ауыл көшелерінің бойындағы ойықтарды тегістеп, топырақ төсеу керектігін жеткізді. Ақ жаулықты әже Т.Жароков атындағы мектептің алдында автокөліктер толып тұратындығын, бұл жағдай оқушылардың өміріне қауіп төндіру мүмкіндігін айтып, аудан және ауыл басшыларына арнайы автотұрақ салып беруді сұрады.

Жиынды аудан әкімі Н.Қарағойшин қорытындылап, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешу бағытында жұмыстанатынын айтты. Аталған ауылдық округ әкімі мен аудандық бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Д.ЗЕННАТ,

 Жәнібек ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале