«Мемлекеттік қызмет жастар көзімен»
Переметный ауылында дәл осындай тақырыпта аудан жастарымен кездесу өтті.
Жиынға БҚО әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыр, жас мамандар, белсенді жастар қатысты.
Шараны ашқан Нұржан Тоғызбайұлы елге қызмет қылудың түрлі деңгейі мен бағыты бар екенін, солардың ішінде жауапкершілігі зор сала – мемлекеттік қызмет екенін атап өтті.
«Жастайынан түрлі қоғамдық жұмыстарға араласып, жастар саясына үлесін қосып, азды-көпті тәжірибе жинаған, соның нәтижесінде мінезі орныққан, жауапкершілігі белгілі деңгейде қалыптасқан жастарымыздың мемқызметке келіп, Жаңа Қазақстанды құруға үлес қосуға шақырамыз», - деді ол.
– Бүгінгі біздің кездесуімізге негізінен 23-30 жас аралығындағы жастар келгенін көріп отырмын. Жаңа қойған сұрағымнан байқағанымдай, мұндағы тек бір адам магистратурада оқып жатыр екен. Бұл өте аз. Қазір көптеген саладағы қойылатын біліктілік талабына магистрлік дәреже кіргізілген. Сондықтан мемлекеттік қызметте еңбек еткіңіз келсе, магистратураны бітірген жөн. Одан бөлек, мемлекеттік қызметкер іскерлік мәнерді білуі керек. Өзім осы қызметте жүргеніме жиырма жылдан асты. Бүл маған үлкен тәрбие мектебі болды. Мысалы қазір мен талдау жасап, келген хаттарға жауап дайындай аламын, ақпарат жинау керек болса, оны да орындауға мүмкіндігім бар. Жалпы мемлекеттік қызметтің адамға, әсіресе жастарға берері мол , - деді Айман Рафикқызы.
Кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ұлданай Сейітқалиева, Шалғай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Аслан Өтеш сынды жастар мемқызметке келудегі мақсат-мұраттары туралы айтып өтті.
Жиында алдағы ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанына да жастардың көбірек қастысу керектігі сөз болды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz