14.03.2022, 17:15
Оқылды: 91

Ауданда Көрісу айт тойланды

Бүгін – Көрісу айт мерекесі. Көрісу - қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Осы күнді қазақта Ұлыстың ұлы күнінің бастауы санаған.

Көрісу айтқа арналған басқосуда Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушев, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев  бастаған ауыл азаматтары ауыл үлкендеріне көрісіп, ақ дастархан басында амандық-саулық сұрасты.

18

"Жаңарған күннің дидары" мерекелік шарасы ұлттық нақышқа толы болды.

20

Аудан әкімі Тілек Габдушев жұртшылықты мерекемен құттықтап, «Жастан жасқа аман жетейік» деген тілегін айтты.

Отырыс тізгінін ұстаған Әділет Орынбасаров көрісу дәстүрінің мәніне, тарихына шолу жасап, ақжарма лебізін жеткізді.

22

Жайылған дастархан басына орналасқан үлкендердің қолына балалар су құйып, батасын алды. Осы дәстүр жайында Теректі аудандық мешітінің шәкірті Еламан Орынтайұлы әңгімелеп берді.

Дастархан басында әңгіме қыза түсті. Дәм-тұз тартып, Теректі жеріне қоныстанған қос азамат – Ұлан Сайтмұхаев пен Рауан Сатыбалдиев өздері қызығушылықпен айналысатын істерімен таныстырды. Аудандық қазынашылық бөлімінің басшысы Ұлан Жанботаұлы тобылғы сапты қамшы жасап, ат-әбзелдер әзірлеуге төселген жан. Ол жасаған қаққыш, қамшылар өңірдегі сыйлы азаматтардың төрінен орын тапқан. Ал, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Таңатжанұлының  қазақы тазы ит баптайтын өнері бар.

21

«Шежіре» ансамбліне жиналған ақ жаулықты аналар да өнер көрсетті. Өз қолдарынан шыққан құрақ көрпе, тоқыма бұйымдарын жайып салған олар «Айқаракөз» әнін салып, отырыс сәнін келтірді.

Мерекелік басқосуда  ұлттық ойындар да ұмытылған жоқ. Мергендік пен ептілікке баулитын асық ойынын дәріптеп жүрген Өтеген Мүбарак «Ханталапай», «Асық ату» көрсетті.   Қазақ күресі бапкері Нұрсұлтан Болат  күрес ережелерімен таныстырды.  Ортаға жас балуандарды  шығарып, белдестірген кезде «әп, алып ұр» деген қызу дауыстар да естілді.

Осындай қызықты шараны мәдениет үйі өнерпаздары, дәстүрлі әнші Жеңіс Қайыров, Дәурен Жұмағалиев, Оралхан Темірғалиев, Айбек Дәулетқалиев ән-күймен  әрледі.  Ауыл ақсақалы  Сайлау Заров дастархан басында бата беріп, «Жастан жасқа аман жетейік» деген жұртшылық Наурыз тойында кездесуге ниет етіп тарқасты.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале