Сырым аудандық білім беру ұйымының ұйымдастыруымен 1 мен 9 сыныптар аралығында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Абай мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде дәстүрге сай «Достық» аудандық жазғы демалыс лагері басталды.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев ашылу салтанатына қатысып, «балаларға керемет көңіл күй, жақсы демалыс болсын» деп жылы лебізін білдірді.
Аталған демалыс лагерінде 10 кезеңде 400 оқушы қамтылмақшы.
- Лагерь жоспарына сай балаларға тарихи-өлкетану, эстетикалық, шығармашылық, спорттық, экологиялық, патриоттық, техникалық, интеллектуалдық, рухани бағыттағы түрлі шаралар ұйымдастырылады, - дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет.
Айта кетейік, аудандағы биылғы жазғы лагерь жылдағыдан ерекше болғалы тұр. Оған себеп, лагерьдегі жетекшілер, жауапты мамандар жастар арасында кеңінен танылған «TikTok» әлеуметтік желісінде күнделікті шаралардан бейнешолуларды бөлісіп отырады.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz