«Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы кезектен тыс ХХХV конференциясын өткізді. Жиынға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев қатысты.
Теректі аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирхат Ибраев жүргізген жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Алдымен партияның аудандық филиалы төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Осы лауазымға ұсынылған аудан әкімі Тілек Габдушевтің кандидатурасын қатысушылар бір ауыздан қолдады. Нәтижесінде, Тілек Александрұлы партияның аудандық филиалы төрағасы болып сайланды.
Конференцияға қатысушылар жуырда өткен партияның кезектен тыс ХХІ съезінде қабылданған шешімдер мен қойылған міндеттерді талқылады. Және де партия төрағасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құрудағы бағыт-бағдарын түсіндіру жұмыстарының барысын ортаға салды. Әсіресе, партия мен халық арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сол арқылы партия жұмысының сапасын арттыру жолдары жайында ұсыныстарын айтты. Жиын соңында партияның аудандық филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізілді. Аудандық филиалдың жаңадан сайланған төрағасы кеңес құрамына енгізілді.
Әр мәселе бойынша тиісті қаулы-шешім қабылданып, хаттамамен анықталған конференция өз жұмысын аяқтады.
Конференцияның ресми бөлімі аяқталған соң «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі, аудандық мәслихаттың «Nur Otan» фракциясы депутаты Аманғали Бөкенбаевқа партияластары ілтипат білдірді. Зейнет жасына толған азаматқа аудан әкімі Тілек Габдушев және аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев құттықтау хат табыс етіп, сыйластық көрсетті.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz