18.05.2022, 16:45
Оқылды: 61

Аудандық сотта заңдық фактілер талқыланды

Кеше Казталов аудандық сотында заңдық маңызы бар фактілерді анықтауда жіберілген кемшіліктерді талқылау тақырыбында жиын өтті. Жиынға судья Гүлжихан Сағитова, «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ-ның Казталов ауданы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Еділ Елемесов, "Казталов ауданы мемлекеттік архиві" КММ директоры Назгүл Мұстафина, "БҚО мемлекеттік архиві" КММ-нің Жалпақтал филиалының директоры Миржан Қарабалин, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ның БҚО бойынша филиалы ХҚКО бойынша Казталов ауданы бөлімінің маманы Гүлбаршын Батырханова және аудан әкімі аппаратының бас инспектор-заңгері Әсел Тәжібаева қатысты.

IMG-20220518-WA0042

Іс-шара барысында заңдық маңызы бар фактілерді анықтау тәртібі, оның ішінде еңбек өтілін растау туралы істер бойынша уәкілетті орган тарапынан жіберілетін кемшіліктер талқыланды. Соның ішінде жасына сай зейнетақы төлемдерін есептеу мәселесі де бар. Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сай жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәлiметтердi растайтын архивтік құжаттар не соттың шешiмi негізінде белгіленеді. Судья Гүлжихан Сағитова сотта қаралған азаматтық іс бойынша мысал келтірді:

IMG-20220518-WA0043

- 2021 жылдың 31 тамызында арызданушы сотқа жүгінеді. Онда 1982-1998 жылдары аралығында Карл Маркс колхозында жұмыс жасаған фактісін анықтап беруді сұраған. Іс құжаттары бойынша анықталғаны, БҚО еңбек әлеуметтік қорғау департаментінің шешімі негізінде 2.10.2020 жылы еңбек өтілі 6 жыл 6 ай 24 күн белгіленіп, 26 631 теңге жасына байланысты зейнетақы тағайындалған. Істі сот талқылауына дайындау жөніндегі әрекеттерді жүргізу кезінде арызданушының 1980-1981 жылдары аралығында Фурманов аудандық орталық ауруханасында санитарка, одан кейін ДОСААФ-та радиооператор мамандығы бойынша оқыған куәлігі және 1978-1979 жылдары аралығында Фурманов ауданы, Жұлдыз қой совхозының №3 фермасында малшының көмекшісі (пом гуртаправ) болып жұмыс жасағаны туралы архивтік құжаттары анықталды. Бұл арызданушының еңбек өтілін растайтын құжат болып табылады. Алайда бұл құжаттар дер кезінде уәкілетті органға ұсынылмаған. Нәтижесінде зейнеткер 1 жылға жуық уақыт зейнетақысын кем алып келген. Азаматтар зейнетақы тағайындау үшін кеңес алуға алдымен уәкілетті органдарға жүгінеді. Ал уәкілетті органдар және мемлекеттік архив қызметкерлері тарапынан тиісті деңгейде түсіндірілмеуі салдарынан еңбек өтілін есептеу үшін негіз болатын құжаттар уақтылы тапсырылмаған. Бұл зейнеткердің зейнетақы мөлшеріне кері әсерін тигізеді, - деді ол.

IMG-20220518-WA0041

Жиын барысында мемлекеттік архив басшылары қажетті архивтік құжаттар мен анықтамаларды алу үшін жеке тұлғалар өз өтініштерін мемлекеттік архивке тікелей немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ арқылы және www.egov.kz «Электронды үкiмет» веб-порталы арқылы тапсыра алатынын және кейбір жағдайларда өтініш берушілер өздерінің нақты жұмыс жасаған уақытын, жұмыс жасаған колхоз, совхоз атауларын дұрыс жазбайтынын көрсетті.

- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Сондықтан да алдымызға келген адамға мәселесін шешіп беруге ұмтылуымыз тиіс. Әр маманның басты қызметі азаматтардың сұраныс-өтініштеріне жан-жақты, сапалы әрі уақтылы жауап беру екендігін назардан тыс қалдырмауымыз қажет, - деп судья жиынды қорытындылады.

Бекарыс Әбіш,

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале