Мереке ауылдық округінде Тасқала ауданының 90 жылдығы аясында мәдениет саласының ардагері Серік Каменұлы Жармұхановты еске алуға арналған мәдениет қызметкерлерінің арасында аудандық спартакиада өтті.
Елдің қамын ойлап, намысын қорғаған, мәдениет саласында елеулі еңбек сіңірген абыройлы тұлға Серік Жармұхановты ауылдастары халық ардагері деп жоғары бағалайды.
Спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков, апасы Ұлғаным Жармұханова, жұбайы, ағайын-туыстары мен ұрпақтары қатысты.
Алдымен аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов жүрек жарды лебізін білдіріп қатысушыларға сәтттік тіледі.
Келесі кезекте сөз алған апасы Ұлғаным Жармұханова інісі жайлы жылы естеліктер айтып, ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.
Сайысқа жалпы 11 команда қатысты. Командалар арқан тартыс, қол күресі, үстел тенисі, дойбы, шағын футболдан сынға түсті.
Тартысты өткен сайыс нәтижесінде Достық ауылының командасы топ жарса, II орын Атамекен ауылының командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Тасқала ауылының командасы еншіледі.
Жарыстың марапаттау кезеңінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Таңатжан барлық қатысушы командарларға спартакиадаға белсенділік танытып қатысқандары үшін алғысын білдірді.
Жарыстың жекелеген түрлерінен жүлдегер атанған ойыншылар Тасқала аудандық спорт клубының медальдарымен марапатталса, жарыс жеңімпаздары Жармұхановтар әулетінің арнайы кубок-сертификаттарына ие болды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz