Бүгін Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен аудан мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан білім саласының ардагері Әслима Лұқпанова атындағы аудандық балалар хор ұжымдары арасында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында «Тәуелсіздік – ел ұраны» атты аудандық хор байқауы өтті.
Байқау шымылдығын үлгілі «Нұрбибі»би ансамблі (жетекшісі Лунара Қанатова) «Гүл көктем» биімен ашып, Есей Ибрайқұлов «Анаға сағыныш» өлеңін мәнерлей орындады.
Сондай-ақ мәдениет қызметкерінің өмір деректерінен бейнешолу көрермен назарына ұсынылды.
Айта кету керек, биыл наурыз айында Әслима Лұқпанқызы атындағы қыздар хор ұжымы ашылған болатын. Байқау шарттарында бекітілгендей, 7-13 жас аралығында жиырмадан кем емес балалар хор ұжымы екі әннен шырқады.
Бұлбұлша сайраған жас таланттарға әділ бағасын беру үшін ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Майра Хайдарова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Мерзада Сүндетқалиева, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы қазылар алқасы ретінде тағайындалған болатын.
Аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы байқау үміткерлеріне сәттілік тілеп, құттықтау сөзін жеткізгеннен кейін, тізім бойынша үміткерлер таныстырылды. Байқау нәтижесі бойынша алғысхат Ұлпан Тастемірова жетекшілік еткен Пятимар ауылдық округінің балдырғандары мен Бақыт Қажетқызы бастаған Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің жеткіншектеріне табыс етілді.
Сондай-ақ Ә.Жангелдин атындағы мектебінен келген (жетекшісі А.Негаев) балалар мен Қызылоба ауылдық округінің хор ұжымы (жетекшісі Қайрат Жақсыбаев) және Жаңақала мектеп-гимназиясының (жетекшісі Баян Әбуова) оқушылары үшінші орынға табан тіреп, қаржылай 20 мың теңгеге ие болды. №3 мектептің жас өнерпаздары (жетекшісі Ұлмекен Бегалиева) мен Көпжасар ауылдық округінің бір топ таланты (жетекшісі Алтынай Ихсанова) екінші орынның биігінен көрініп, 30 мың теңге иеленді. Сахна биігін бағындырып, талай әндерді еш қымсынбастан шырқап жүрген Меңдігүл Иманәлиева жетекшілік еткен аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерлі балдырғандары бірінші орын алып, 50 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Сондай ақ марқұмның туған туыстары демеушілік танытып, барша қатысушыға сыйлықтар үлестірді.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz