22.02.2022, 10:00
Оқылды: 89

Ауданға Мәжіліс депутаты келді

Кеше Сырым ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов іссапармен келді. Алашорда көшесінде күрделі жөндеуден өткен музей ғимаратымен танысты.

IMG_5520

Музей ғимаратының ішкі жабдықталуы, дизайны үшін 60 млн теңге қажет. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева депутаттан осы мәселені жоғарыға жеткізуде көмек сұрады. Биыл аталып өтетін Сырым Датұлының 280 жылдығына орай музейді жаңа ғимаратқа көшіру мақсат болып отыр.

Одан кейін Аманжан Мәкәрімұлы «Everest» супермаркетінің азық-түлік бағаларын көріп шықты. Супермаркеттің меңгерушісі Шолпан Мирасова жағдаймен таныстырды. Мұнда мүмкіндігінше  негізгі азық-түліктің бағасын өсірмеу көзделуде. Нан бағасы 170 теңге, екінші нан атанған картоптың бағасы 250 теңге.

Парламенті Мәжілісінің депутаты 2021 жылы ашылған Сырым аудандық мектеп-лицейінің оқу ғимаратымен және жатақханасында болды. Бұл оқу ордасына 100 орындық мектеп-интернат ғимараты қажет.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев: «Облыс әкімі мектеп-интернатты мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы салу керектігі айтты.  Өзі де бізге кәсіпкер іздестіруде. Алайда  Жымпитыға  құны 1,5 млрд теңге тұратын -мектеп-интернат салуға инвестор табылмай тұр. Президенттің 1000 мектеп салу туралы тапсырмасына біздің мектеп-интернат жобасын енгізуге көмектессеңіз»,- деді.

IMG_5637

Облыстағы дарынды балаларға арналған мектептің, Назарбаев мектебінің 80 пайызы – Сырым ауданынан барған білімді оқушылар. Ауылдық округтердегі білімпаз шәкірттер де ауданның мектеп-лицейінен білім алғысы келеді.

Мән-жайға қаныққан Аманжан Жамалов: «Мектеп-интернат салуға қатысты барлық құжаттарды маған жіберіңіздер», - деді.

Аудандық мәдениет үйінде «Мәдениет» бастауыш партия ұйымы және  партиялық резерв мүшелерімен кездесу өтті. Партия мүшелері көкейдегі сұрақтарын қойды. Мәдениет үйінің қызметкері Алмаз Жұмагелдиев жол  апаттарының алдын алу мақсатында жолды тазалау, күтіп ұстау және ауылдық округ, елді мекендердегі жедел жәрдем көлігінің жоқтығы туралы мәселелерді айтты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов «Nur Otan» партиясының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов ауданның ауыз су мәселесін, аудандық мәслихат депутаты Ернар Байдашев Шағырлыой ауылына ауыз су өткізу, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Муса Шалабаев төртінші деңгейлі бюджет туралы, аудандық мәслихат депутаты Айнагүл Ойшыбаева Алғабас ауылына 10 тұрғын үй салу, М.Қаналиев атындағы орта мектептің мұғалімі Нұрболат Жұмағазиев жайдарман ойынына оқушы апаруға демеуші қажеттігі туралы сұрады. Тауфик Елеубаев ауданға балабақша, Өлеңті ауылына мәдениет ошағы керектігін айтса, Қанат Шамаров, Бауыржан Бисенғали, Мизамғали Нұрпейісов қабылдауда жеке мәселелерін көтерді. Аманжан Жамалов қабылдауда айтылған ұсыныс-сауалдарды жоғарыға жеткізетінін айтты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале