Теректі ауданының дамуын байқататын бағыттардың бірі — өңір мәдениетінің көрсеткіші. Тынымсыз еңбек пен талапты, ізденіс пен шығармашылықты талап ететін бұл саланың жұмысы қай кезде де халықтың берген бағасымен өлшенеді. Мәдениетімізді, әдебиетіміз бен елдігімізді айшықтайтын мәдениет бағытындағы жұмыстарға әмәнда айтарлықтай көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып отыр.
Республика күні қарсаңында мәдениет саласына сүбелі үлес қосып жүрген айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, композитор Ерікқали Ахметовке «Теректі ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Мұнымен қоса, бүгін Теректі аудандық мәдениет үйінде ұлттық мереке — Республика күніне орай шара өтті. Марапаттау рәсімінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан бір топ теректілік алғысқа кенелді. Олардың қатарында «Теректі жаңалығы» газетінің жас тілшісі Балнұр Қанаева да бар. Оған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова алғысхатты салтанатты түрде табыстады. Жас болса да жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Балнұрдың есімі теректіліктерге тым тәуір таныс.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz