5.11.2021, 15:05
Оқылды: 59

 «Ауданымыз өркендеп, шаруаларыңыз шырайлана берсін, айналайындар!»

Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бүгінде Оралда тұратын ақжайықтық ардагерлердің үлкен тобымен  кездесті. Іс-шара барысында аудан тынысынан басты-басты бетбұрыстар, тың жаңалықтар туралы әңгімеленді. Ел бесігі – ауылдың жарқын ертеңіне қатысты ой-толғамдар ортаға салынды.

IMG_7615

Осында жиналғандардың назарына ұсынылған бейнебаян өткен уақытты әркімнің көз алдына әкеліп, сөзсіз толқытты. Еліміздің бодандық бұғауынан босаған бозала таңы. Тауқыметтер тасқынына қарсы алдыңғы толқынның табандылығы. Олар іргетасын қалаған ұлан-ғайыр істердің бүгіндегі жемісі. Міне, осы игіліктің бағына бөленген кейінгі толқынның бал-бұл  жүздері. Барған сайын ажарланған ауылдар. Қыр төсіндегі еңбек дүбірі...

Алдыңғы жақсылардың, жайсаңдардың, жампоздардың әнеу жылдардағы  маңдай тердің қарымын көруі, сезінуі  қандай ғанибет десеңші. Шаһардағы еңселі«Ақсарай» мейрамханасында өткен бұл  жүздесуде  Қалияр Шадиярұлының  қадау-қадау  меже-міндеттерді баяндауы  жиналғандардың  көңіл-қошын тіпті көркейтті. Жайықтың сол жақ бетін жайлаған жамағаттың соңғы 15-20 жылдағы арманына байланысты  қуанышты хабар  осы жүздесуде кеңінен сөз болды. Ол – баяғыдан айта-айта жауыр болған Азынабай – Тайпақ каналының жайы. Анау әбден құрғап қалған №48 және №49 лимандар. Каналдың бойына қан жүгірсе, мына лимандардың «таңдайына» су тисе, Жайықтың сол жақ бетіндегі малшы ағайынның бөрікті алшысынан киетін күндері де көз ұшынан қол бұлғап тұр. Әкім Айтмұхамбетов осы туралы жағымды жаңалықты жеткізгенде, ардагерлер қуана қол соқты. Әкім мұнымен тоқтап қалмай, жамағатты тағы қуантты. Барбастау – Дендер  бағытында құрылысы басталған күрежол одан әрі жалғасын таппақ. Демек, бүгінде «ұшқан құстан басқа» ештеңе қатынамайтын, Жайықтың сол жақ бетінде тақтайдай тегіс жол салынбақ. Қариялар бұған да қуанды. Ал Жайықтың оң жақ бетіндегі, ылғи ауыр жол апаттарымен  аты шыққан Орал – Атырау күрежолы келешекте төрт жолақты болып, ені кеңейтіліп, қайтадан салынбақ. Әрине, бұл бір-екі жылда біте қоймас, дегенмен сең қозғалған. Оң  жағалаудағы  Бударин,  Первомай  магистрал  арналарын  күрделі  жөндеуден өткізу  жөнінде  тиісті  ұйымдарға  ұсыныс  жолданды. Соның  бәрі сайып келгенде, мәселен, жем-шөптің  берік қоры  үшін    қазірдің  өзінде  бар  суармалы  алқаптар  көлемін  ұлғайтуды,  ауыл  шаруашылығын дәуір  талабына сай  көтеретін  алуан  инвестжобаларды жүзеге асыруға  деген  үмітті  үкілейді.

Ауданда алдағы уақытта елге  мәлім  шаруа  қожалықтарының қатары қалыңдары  кәміл. Осыдан  он жыл  бұрынғымен қарағанда тек мүйізді  ірі қара өсіретін  асыл тұқымды  шаруашылықтар саны 24 есеге көбейіп, 72-ге жетті. Кезінде  ауданда 90 га алма бағы  болған. Жеміс-жидек  өсіруге  ден қойған немесе түрлі кәсіпкерлік нысандарының құрылысын көтерушілер, тігін, қолөнер  кәсіптерін өрістетіп, алыс  аудандарға да танымал болғандар өнегесі қозғау  салған жастар да  аз емес. Иә болмаса,  туған  ауылдарының көріктендірілуіне  атсалысып, мешіт  тұрғызушылар, әлеуметтік жобалар бойынша  жеке  бала-бақшалар  салушылар ақжайықтықтардың  мақтанышы, тірегі  болып  табылады. Аудан басшысы  толғауы тоқсан  тіршіліктен басқа да мысалдарды  түйіндеп айта келіп, ауылдағы  болсын,  қаладағы болсын ардагерлермен ұдайы ақылдасып отыру дағдылы жайт екенін  атап көрсетті. Жұбан елінен түлеп,  түрлі  жауапты  қызметтерге  көтерілгендер, үлкен ауданда кезінде басшылықта  болғандар да  ешқашан  ұмытылмайды.

Жүрегі  ел деп  соққан  аға  ұрпақтың байтағымыздағы  бүкіл  жағымды  жаңалыққа қуанышы шексіз. Бұл осы жүздесуде сөз алғандардың  лебізінен де  анық   байқалды. Өздерінің  көңілін  семірткен  осындай  қауышу  үшін риясыз ризашылықтарын жеткізе  тұрып, олар  өздерінің  пікір-пайымдарымен бөлісті. Заман  жаңа  қағидаларын көлденең тартуда. Еңбекқорлықты,  адамгершілікті,  рухты  көтеру  мына  жаһандану  кезеңіндегі  тұрлаулы  талапқа  айналуы қажет-ақ. Ұлтымыздың  рухани  әлеміне  тереңдеуде арамыздағы  ақылмандар  мықты  сүйеніш  емес пе! Осы  орайда  атырап шежіресінің  білгірі,  өлкетанушы Әленғали  Кереев, ардагер  ұстаз, жуырда ғана «Халық  батыры – Жұбан» кітабы  жарық  көрген Үзілдік  Елеубайқызы, ауданның  өткені мен бүгінінен әлденеше  сүбелі  басылымның авторы Бақтығали  Қоспаев, сазгер  Құбайдолла Хибашевтің атына халық әманда  алғысын  айтады. 30 жыл тарих үшін қас-қағым сәт. Ал тындырылған  тірлік, бұрын армандап та көрмеген  игілік  жетеді. Ақжайықтың  өзінде көгілдір отын жеткізу, бой көтерген жаңа мектеп, мәдениет  ошақтарына  қарап-ақ  орасан  өзгерістерді  білесің. Соның  баршасының бағасын ізбасарлар тереңірек ұғынса,  нұр  үстіне нұр. Шарада еңбек  жолдары  жастарға елжандылықтың, табандылықтың  өшпес өнегесі  болып  келе жатқан Балғаным Кәкімова, Әнжан  Мәжитов, Назым Қуанышева, т.б. тарапына  да жылы  тілектер  арналды. Осындай таңдайға татитын жағымды жаңалықтармен жиынды  «қыздырып» алған Қалияр Шадиярұлы одан әрі биыл мерейжасқа толған ақсақалдарды құттықтады. Әкімге қосылып Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов ардагерлер Нәсіпқали Қайырқомовты, Балғаным Кәкімованы, Мұрат Оразбаевты, Бекес Алдияровты, Қанат Оразғалиевті, Владислав Ярловты жеке-жеке құттықтап, сый-сияпат  көрсетті.

Ардагер Ғибатолла Тілебалиевтің  жастар  тәрбиесіне  қатысты ұсынысы да ешкімді  бей-жай қалдырмады. Сонау кезде  атажұртын Кеңес үкіметі әскери сынақ  полигонына айналдырып, Бөкей ордасынан халық  күштеп  көшірілгені  мәлім. Оның  біразы  Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданына қоныс тепті. Сол шақта қызыл билік  туған  топырақтан  қуғандардың  қайғы-қасіреті, әрине, шексіз болды. Келер жылы бұл  трагедияға – 70 жыл. Осыған  байланысты  жержерде тиісті  шаралар, аласапыран уақыт­ты бастан  кешкендермен  кездесулер  өткізілсе, аждаһа қару  сынаудың  даламызға  әкелген  орасан  зардабы  жан-жақты баяндалса, өрендеріміздің  мына бейбіт  күніміздің  қадірқасиетіне  көз  жеткізе  түсері  анық.

Қаладағы «Ақсарай» атты айтулы мейрамханаға ақсақалдардың басын қосқан  Ақжайық ауданы әкімдігі аппаратының қызметкерлері  келгендерді құшақ жая қарсы алып, әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, орынбасары Тілек Габдушевтен бастап кеш бойы тікелерінен тік жүріп, қызмет көрсетті. Ағаларына кезек-кезек сөз беріп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Ауданның  өнерпаздары Қ. Хибашев, Р. Жанайысов сынды ағаларымен бірге жастар Ә. Нұрғалиев, А. Базаров, В. Нұрғалиева, Э. Ермек әр лебіздің арасына күміс жіп жүгірткендей әнмен әдіптеп отырды. Құдай-ау, «Ақсарайдағы» айқұшақ  кездесу баяғы комсомолдар күніне  дөп келгенін қараңыз... 70 пен 80-ді еркін бүктеген ағалар «ой, хой, дәурендерін» еске алып, дөңгелене  билегендерін  көрсеңіз!

Айтып-айтпай не керек, бір тамаша отырыс болды. Кездесу аяқталғанда қаланың әр түкпірінде тұратын ардагерлердің әрқайсысын үйлеріне дейін арнайы көлік бөліп жеткізгендері де қариялар ды әбден риза етті. «Ауданымыз өркендеп,  шаруаларыңыз  шырайлана  берсін, айналайындар!» – деген тілектер  риясыз  ақтарылды.

Болат   Есқалиев,

Есенжол  Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале