Тасқала ауданына елімізге танымал әнші Ернар Садирбаев келіп, өз өнерін көрсетті. Аудандық мәдени-демалыс орталығының сахна төрінен табылған әнші елімізге «Әмrе» атымен жақсы таныс.
Оқырманға кеңінен таныстыру үшін қысқаша өмірбаянына да тоқтала кетейік. Әнші Қостанай қаласында дүниеге келген. Ернардың бойындағы талантын мектебіндегі музыка пәнінің мұғалімі байқап, оны қалалық жарыстарға қатыстырған. Сондай-ақ кішкентай өнерпаз 7 жыл бойы музыка мектебінде оқып, ҚР еңбек сіңірген әртісі Александр Калугиннен тәлім алған. Мектепті бітірген соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмәмдаған. Ернар R&B, Bossanova-Latino, Pop-classic, Pop жанрларында ән салады. Ол қатысқан байқауларды санағанда тіпті есептен жаңылысуға болады. Әмrе бұрынырақта «Алтын микрофон», «Бозторғай», «Дельфи ойындары» байқауларының лауреаты атанған. Сонымен қатар 2015 жылы Италияның Милан қаласында өткен «EXPO-2015» халықаралық көрмесінде ән шырқау құрметіне ие болды. Продюсер Брендон Стоунмен бірге жұмыс істеген шағында халықаралық «Новая волна» байқауының жүлдегері атанды. Сондай-ақ Германияда өткен «Berliner Perle» байқауында да үздіктер қатарынан көрінді. Осылайша, бүгінгі күннің Әміресі өткен ғасырда Париж төрінде әуелете ән салған Әміренің жетістігін қайталауға талпынып келеді. Айтса айтқандай, ол 2017 жылы Прага қаласында өткен «Diamond voice festival - 2017» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған.
Ауданымызға «Mu dunya» «Бір болайық», «Жылтыр көйлек», «Қаздар-ай», «Менің елім» және «Ұйқысыз түнде» әндерімен келді. Әншінің «Айтшы жауабын» әніне түсірілген бейнебаянын көрермен қауым жылы қабылдады.
«Славян базарынан» кейін Әміреге Ресейлік «Россия» телеарнасынан бір шоуға сарапшы ретінде қатысуға ұсыныс түсті. Қазір әнші мен оның продюсері Жан Мұқанов осы ұсыныстың жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Әмrе аудан тұрғындарының көңілінен шықты. Әсіресе жастар жағы әніне қосылып, би биледі. Мәдени-демалыс орталығының акт залы көрерменге лық толы болды.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz