6.06.2022, 12:15
Оқылды: 66

Әуестік пе, әулекілік пе?

Осыдан бір ай бұрын аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында газетке жазылу науқанына байланысты үлкен жиналыс болды. Жиынға «Жайық Пресс» ЖШС медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров келіп қатысып, облыстық, аудандық газеттердің хал-жағдайынан хабар берді. Түрлі мәселелер қамтылған басқосуда ауданымыздың құрметті азаматы Мұсағали Төлегенов сөз сөйлеп, Федоровка қазақ және Федоровка №1 жалпы орта білім беретін мектептерінің ұстаздарына ескерту жасап еді. Айтуынша, кешқұрым үйінің жанына мектеп оқушылары жиі өтеді екен. Қолдарында энергетикалық сусындар. Түрлі балағат сөздер айтып, қалдықтарын жинастырмай, отырған орындарында қалдыратын көрінеді. Осындай көріністі жиі көрген соң, ақсақал күйініп жүр. Мұсағали Орынғалиұлын мұқият тыңдаған мектеп директорлары оқушыларымен сөйлеспекке бел буды. Басқа қандай амал бар? Жиналыс аяқталса да, Мұсағали атаның қозғаған мәселесі ойымнан шықпай қойды. Дүкенге барғанда, орталық стадионда, тіпті кез келген қоғамдық жиындарда замандастарымның тәртібіне зер сала бастадым. Шынымен, ұрпақтың келешегіне уайымдайтын себеп бар екен. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп жүрген қаракөздерімізді көргенде, дана Абай атамыз айтқандай, «қайнайды қаның, ашиды жаныңның» кебін киесің.

5

Фотосурет: kureniesigaret.ru

Электронды темекі – қаупі зор бәлекет

Бүгінде электронды шылым жасөспірімдерді желіктіріп, түтінімен еліктіріп тұр. Вейп темекінің еркін сатылымда балаға қолжетімді бағада «жарқырап» тұрғандары алаңдатпай қоймайды. Сорақысы сол тәтті буға тәнті болған мектеп оқушылары мұны күннен-күнге сәнге айналдыруда. Тіпті, кейбір темекі тұтынушылары «Бұл өнім адам денсаулығына зияын емес» деген болжам айтып, сәуегейлік танытып жүр. «Иісі сасық» деп  ешкім өкпелемегендіктен, ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көбейген. Бұл құтылы темекіні біреулер ермек үшін қолданса, кейбірі кәдімгі шылымды тастауға көмектеседі деген ойда.

Кәдімгі темекі - жану өнімдерінің қалдықтары. Ал электронды темекінің құрамында еріткіштер бар. Бұл өте қауіпті. Дәрігерлер электронды темекілердің адамның өкпе мембранасына, өкпе жасушаларына, миы мен жүрегіне әсер ететінін айтып, дабыл қағуда. Құрамында глицерин қоспалары бар бұл темекі өкпеде қанның ұюына әкеліп соғады екен. Әйткенмен, тыңдар құлақ жоқ.

Жақында Альбина есімді жиырма жасар бойжеткенмен таныстым. Осы мәселе өзегімді өртеп, мазамды қашырып жүргенде, темекісінің түтінін будақтатып отырған қызды көзім шалды. Содан сөзге тарттым. Темекіге қызығушылығы мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде басталған екен. Басында қызығушылықпен бір рет көрмекке ниеттенеді. Онымен қалай «дос» болып кеткенін түсінбей қалады.

- Электронды темекі кәдімгі темекіге қарағанда, денсаулыққа қатты әсер етпейді. Оның үстіне иісі де шықпайтындықтан, ортада өзімді сенімді сезінемін. Бұрын үстімнен түтін иісі шықса, түрлі иіссулар сеуіп, үйдегілер күдіктеніп қалмасыншы деп жүретінмін. Қазір кез келген жерде пайдалана беремін. Электронды темекіні кәдімгі темекіні тастау үшін қолдандым. Қазір тәуелділіктің пайда болғанын сезіп жүрмін. Ағзам іздеп тұрады. Әрине, дұрыс емес екенін білемін. Бірақ, бірден тастап кету мүмкін емес,- деп ол өз ойын ашық айтты.

«Бес саусақ бірдей емес»

Барлық мектеп оқушылары темекіге әуес десек, жалған айтқан боламыз. Аңқатылық Асылжан Сұпиянов  есімді оқушы темекіге ешқашан жолап көрмепті.

7

- Қандай да болмасын темекінің зиян екені рас. Мен қазіргі таңда 8-сыныпты аяқтадым. Сыныптастарым мен араласатын достарымның арасында ондай дүниеге еліктеушілік жоқ.  Бос уақытымда спортпен айналысамын. Спортшы үшін тыныс алу жолдарының дұрыс жұмыс жасағаны маңызды. Темекінің өкпені бітеп, тыныс алуды тарылтатынын, сондай-ақ басқа ағза мүшелеріне зиян екенін мұғаліміміз тәрбие сағатында айтқан болатын, - деп Асылжан Кенжебекұлы білгенімен бөлісті.

Тұрақты түрде рейд өтеді

Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында болып жатқан оқиғалардан хабар алып, мұғалімдермен тікелей жұмыс істейтін жергілікті полиция қызметкерлері екені біз айтпасақ та белгілі. Аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрхат Досқалиев  тұрақты түрде рейд жұмыстарының жүргізілетінін айтқан болатын.

8

- Жақында ғана аудандық мектептердің бірінен шағым түсті. Мектептен мұғалімдер хабарласқан соң, дереу оқиға орнына бардық. Оқушылардан электронды темекілерді тәркілеп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Жалпы, бұл тақырып бойынша түсіндірме жұмыстарын жиі өткіземіз. 5-10 сынып оқушылармен кездесіп, арнайы түсірілген бейнероликтер көрсеттік. Қазіргі таңда электронды темекілер еркін сатылады. Бұған қарсы көрсетілген заң жоқ. Егер аталмыш мәселемен кәмелет жасына толмағандарды ұстайтын болсақ, ата-аналарын шақыртып ескерту жасаймыз. Екінші рет қайталанса, әкімшілік хаттама толтырамыз. Кестеге сай әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері сағат 20:30-00:30 аралығында рейд жұмыстарын жүргіземіз. Рейд іс-шарасына мектептерден мұғалімдер қатысып атсалысады. Рейд кезінде жыл басынан бастап Магистральный, Чапаев, Федоровка мектептерінің ұсталған оқушыларымен түсіндірме жұмыстарын жиі жүргіземіз, - дейді Нұрхат Махамбетұлы.

 «Ерік күші мықты болу керек»

«Темекі зиян, тартуға болмайды» деп айтқанымызбен, оны қойып кету үшін адамның ерік күші мықты болуы керек. Бұл ойымызбен Теректі аудандық орталықтандырылған ауруханасының психологі Гүлнұр Қапашева да келіседі.

9

- Жастар арасында электронды темекіге құмарлық кең байқалады. Қазіргі заманның сәні, тренд ретінде қолданады. 7-10  сынып оқушыларында психикалық, физикалық көңіл-күйдің өзгерістері болады. Мінез-құлқы өзгеріп, есеюді қалайды. Ешкімге құлақ аспауы да содан. Өтпелі кезеңде қызығушылықпен басталған жаман әдеттердің тәуелділікке алып келетінін қайдан білсін? Шылым шегу бастапқыда тыныштану, рахаттану сезімін сыйласа, кейіннен психикалық-соматикалық денсаулықтың нашарлауына әкеліп соғады. Темекі шегетін адамдарда көңіл-күй тез құбылады. Ашуланшақ болады. Электронды темекіні жай темекіден арылу мақсатында тарту - өте қате шешім. Темекіден арылу үшін адамның ерік күші, жігері мықты болуы тиіс. Сонымен қатар, тыныс алу техникасының жаттығуы да  жақсы көмектеседі. Сізде темекіге құмарлық пайда болған жағдайда, өкпеңізді ауаға толтырып, деміңізді бірнеше секунд ұстап, ауаны баяу шығарыңыз, - деп Гүлнұр Нұрболатқызы  кеңес берді.

P/S: Электронды темекінің зиянын қазір сезбеуіңіз мүмкін. Еліктеймін деп есіңізден, тренд қуам деп денсаулығыңыздан айырылып қалмаңыз. «Денсаулық – зор байлық» демекші, жас ағзаңызды түтінмен уламаңыз, оқырман!

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале