9.02.2024, 17:00
Оқылды: 80

Ауған соғысына 21 қаратөбелік қатысқан

Бүгін Қаратөбе колледжінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына тура 35 толуына орай Ауған соғысының жауынгері, ардагер Ерболат Иманғалиевпен кездесу кеші өтті.

IMG_1492

Ерболат Сағынбайұлы 1966 дүниеге келген. 1984 жылдың 29 сәуірінде

Қаратөбе аудандық комиссариатына шақырылып, әскер қатарына алынған. 1984 жылдың қазан айынан 1986 жылдың тамыз айына дейін Ауғанстан Демократиялық Республикасында әскери борышын өтеді. «Ауған соғысының ардагері», «От благодарного народа Афганистана», «СССР Қарулы Күштерінің 70 жылдық» медальдарымен марапатталған.

IMG_1500

Кездесу барысында ең әуелі Қазақстан Республикасының гимн орындалды.

IMG_1505

Аталмыш шараға колледж директоры мен мұғалімдері және студенттері қатысты.

1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контигенті Ауғаныстан жеріне кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысқан. Ауданнан 21 қаратөбелік қатысып, елге аман-есен оралған. Олар: Еркін Қойшиев, Төлеген Аймурзиев, Талғат Ақашаев, Қадырбек Баймулдин, Талғат Берікқалиев, Самат Жаманғарин, Ерболат Иманғалиев, Амангелді Серғазиев, Қасым Төлеуов, Ержан Искаков, Екпін Мамбетов, Володя Калинич, Нұрбек Құлынбаев, Бағдат Байболатов, Нұрмұқан Шерниязов, Рашид Фазылов, Болат Жаншин, Батырбек Жұмағалиев, Асан Табылдиев, Аманжол Сәрсенғожин, Қуаныш Жұбановтар.

IMG_1480

Бүгінде жерлес жауынгерлеріміздің біразы дүниеден өтті. Бірқатары еліміздің басқа аймағында тұрып жатыр.

Сол соғыста Батыс Қазақстан облысы бойынша 27 жауынгер қайтыс болып, бір жауынгер хабарсыз кетіп елге оралмаған. Кездесу кешіне қатысушылар елге оралмаған батыс қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Слайд арқылы «Ауған соғысы» кезіндегі деректер көрсетіліп, колледждің АӘТД пәнінің оқытушысы, аталмыш кездесуді ұйымдастырушы Алтай Қалкенов көрсетілім бойынша ақпараттық түсінік берді.

Сол соғысқа қатысып, берілген әскери тапсырмаларды орындау жолында  аянбай күресіп, ерлік көрсеткен жерлесіміз шөптікөлдік Ерболат Сағынбайұлы Ауған жеріндегі соғыста бастан өткерген күндері, бірге соғысқан қарулас жолдастарының ерліктері туралы әңгімелеп берді.

Ерболат Иманғалиев колледж мұғалімдері мен студенттері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жиында колледж директорының міндетін атқарушы Бауыржан Қалиев Ерболат Иманғалиевке алғысхат пен ұжым атынан сыйлық табыстады.

Шара барысында сөз алған Ерболат Сағынбайұлы кездесу кешін ұйымдастырып, өзіне құрмет көрсеткен колледж ұжымына ризашылығын білдірді.

 – Біз Батыс Қазақстан облысынан сол соғысқа 24 адам аттандық. Әуелі даярлықтан өттік. Содан кейін Ауған жеріне келдік. Даярлықтан өткеніміздің көп көмегі тиді. Соғыс кезінде әскери тапсырмаларды орындауда біраз қиындық кездесті. Сондай кезде адамның күш қуаты мен білімінің көп көмектесетіндігі байқалды. Сондықтан студент - жастарымызды терең білім алуға, спортпен шұғылдануға шақырамын, - деді кездесу барысында Ерболат Сағынбайұлы.

 

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале