Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылындағы Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің 1981 жылғы түлектері пандемия кесірінен 40 жылдық кездесулерін бір жылға кешігіп өткізіп, алтын бесік-ауылдарына тамаша тарту жасады. Б.Жәнекешев саябағына тағы да құнды да тарихы мол ескерткіш тақта орнатты. Сыныптастары, Ауған соғысының құрбаны, интернационалист жауынгер, "Қызыл жұлдыз" орденінің иегері Зүлзала Жиенәлиевке ескерткіш тұрғызды.
Шараға Зүлзала ағамыздың бауыры Дархан мен ауылдастары, сыныптастары қатысты. Округ әкімі Кенжебек Құрмашев тарихи мәні бар естелік қалдырып отырған түлектерге алғысын айтты. Батырдың балалық шағын бірге өткізген құрдасы Ғарифолла Иманғалиев, әскерге бірге аттанған Алман Мергенбаев, Қазбек Тырмышевтар өз естеліктерімен бөлісті. Ескерткішті сыныптасы Мұқтар Сыдихов мен батырлың бауыры Дархан Жиенәлиев ашты. Бір минут үнсіздік жарияланып, аза гүлі қойылды.
Сөз кезегін алған интернационалист жауынгер, Ауған соғысының ардагері, "Чернобыль апаты және Ауған ардагерлерінің" Бөкей ордасы аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақболат Шамшетдинов аға тебірене сөйлеп, мұра боп қалар ескерткіш орнатқандары үшін рахметін айтып, қоғамдық бірлестік атынан түлектерге алғысхат табыстады.
Зүлзала ағамыздың бауыры Дархан аға көзіне жас ала отырып, ағаның сыныптастарына ризашылығын білдірді.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz