Биылғы жылы Бөрлі ауданында «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жалпы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын Қарағанды (Кирово) және Облавка ауылдарына су тарту жобаларының құрылыс жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес бұл екі жоба биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталуы керек.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов баяндады.
- Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, халық тұрмысына қолайлы жағдай жасау әрқашан басты назарда қала бермек. Соның ішінде жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, оның сапасын жақсартуға бағытталған жобалар көптеп жүзеге асырылуда. Аудан орталығы Ақсай қаласы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында Бестау су тоғанынан Ақсай қаласының 10 шағын ауданына дейінгі резервті су желісінің жұмыстарын бастап жатырмыз. Жоба құны – 206 млн. теңгені құрайды. Бұл жобаны іске асырудың арқасында Ақсай қаласының тұрғындарын, соның ішінде 4,5,10 шағын аудандарын және оңтүстік бөлігіндегі жеке тұрғын үй секторларын ауыз сумен қамтамасыз етуге қол жеткіземіз. Бұдан басқа, биылғы жылы Қызылтал шағын ауданының Строительный 1 және 3 электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтадық. Шағын аудандағы электр желілерінің тозығы жеткен және халықтың өздігімен үйлерге дейін ретсіз тартуынан көптеген авариялар болып тұрады. Бүгінде бұл мәселе де оң шешімін тапты, - деді М.Сатқанов.
Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы Жарсуат ауылдық округіндегі Жайық өзенінің жағасын нығайту жұмыстары басталған. Аталған ауыл арнасының бұрылысында орналасқандықтан, жылдан-жылға өзен жағасы шайылып, ауылға дейін 50 метрдей қалған еді. Басталған жұмыстардың арқасында ауылдың маңайындағы екі шақырымдай су жағасын нығайту жүргізілуде. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қаралған.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz