21.07.2020, 14:35
Оқылды: 44

Ауласына аққу қондырған Омаровтар жанұясы Магистральный ауылында тұрады

Бұл – балалар алаңқайы емес. Отбасылық демалысқа арналған қоғамдық орын да емес. Бұл – Теректі ауданының Магистральный ауылында тұратын ерлі-зайыпты Омаровтардың ауласы. Екі ұл мен екі қыз өсіріп, тамыр жайылған әулеттің жиналып, немерелер асыр салып ойнар орын.

22F06A08-B7FB-46EF-86F3-BD183DB1EA6D

Отағасы Манас – құрылысшы. Жан серігі Гүлнар – мектеп асханасында  аспаз.

Екеуі де екі қолын алдына салып, қарап отыратын жандар емес. Қарапайым, еңбекпен біте қайнап, еңселі шаңырақ ұстап отырған  оларға шығармашылық тін де тән.

6528EC8B-7CF9-47C5-BBD2-642A3633F96D

Қолы шебер Манас ағай темірден түйін түйетін өнері бар. Сосын, құрылыстан қалған уақ-түйекті жинастырып, жоқтан бар жасап алады. Мысалы, істен шыққан тегершіктерден аппақ қос аққуды жасаған. Гүл құмыраларына темірден иіп жасаған тіреуіш, тастан қаланған гүлзары тағы бар.

Ал, ауладағы көз қуантар көктің бәрі – Гүлнар апайдың үлесі. Түрлі гүл, жасыл желекті баптаудан талмайтын Гүлнар апайдың суретшілікке де икемі бар. Үйдің бір қабырғасындағы ертегі кейіпкерлері бейнелеген  әдемі сурет – сол кісінің қолынан шыққан.

85C8BD71-C402-495A-BBC7-9C19CC7F98D9

Әйтеуір, осы аулаға кірсең, әдемілік пен жинақылыққа көзің тояды. Ұқыпты қолдар тиген әр бұрыш тиянақты, «көлденең» жатқан көк шөп таппайсың.

Адам өмірінде әдемілік пен үйлесімдік көңілді көтеріп, жарық дүниеге құштарлықты арттыратыны рас қой. «Ауыл өркениеттен алшақ жатыр, жол жоқ, қоқыс көп» деп, билікке шағымын тізе жөнелетін адамдар осы Омаровтардан үлгі алса екен деймін.

Шындығында ауланы, үй маңын осылай жайнатып қою көп шығын қажет етпейді. Ол үшін тек ниет, әдемілікке деген құштарлық қана қажет.  Айналамыз таза да көркем болуы үшін тазалықты өзімізден бастап, үй-жай, ауламызды әрлеуге  ұмтылайық.

Аймангүл Қадерқызы,

Теректі ауданы

    

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале