Казталов ауданы орталығы мен Орал қаласына қатынар облыстық маңызы бар жол бойында келбеті келіскен, бірлігі жарасқан Сарықұдық деген ауыл бар. Қаймағы бұзылмаған ауылдың тыныс-тіршілігі туралы жазылып та, айтылып та жүр.
Мәселен, тың жаңалық иегерлері болған, 40 мың құртқа баспана салған, «Сарықұдық сүзбесі» брендін қалыптастырған Дулат және Әлия Ниетқабыловтар хақында көлемді мақалалар жазылған болатын. Бұл жолы Дулат пен Әлияның талантты, өнерлі, талапты перзенттері жайлы сөз қозғамақпыз.
Хош. Осы жылдың қараша айында Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылында тоғыз жылдық негізгі орта мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Мектептің салтанатты түрде ашылу рәсімінде Бейбарыс, Жансерік, Аманбек сынды оқушылармен таныстық. Бізді таң қалдырғаны – бірі суретші, бірі мультипликатор, бірі көркемсөз шебері. Бейбарыс Сағынгерей бала кезден ермексаздан түрлі ертегі кейіпкерін жасап, ойнауға машықтанған. Кейін қылқалам мен бояуды ұштастырып, ақ параққа түрлі жанрда сурет сала бастаған. Оның суретке деген қызығушылығы жөнінде әжесі Нұржамал Қарекенова айтып берді.
– Бейбарыс – менің үлкен немерем. Әкесі Дулат пен анасы Әлия қара шаңырақта 14 жыл тұрып, 2019 жылы өз күштерімен баспана салып, бөлек шықты. Немерелерімнің барлығы қолымда тәрбиеленді. Олардың қай-қайсысын да бөле-жарған емеспін. Жеке баға берер болсам, Бейбарыс кішкентайынан зерек, көп ешкіммен араласпайтын тұйық бала болды. Үш жасынан бастап ермексаздан өзінің қалаған дүниелерін жасап жүретін. Біраз уақыттан кейін суретке де икемі бар екенін байқадық. Содан соң Жалпақталдағы өнер мектебіне апарсам, қалай болар екен деген ой туды. Өйткені ауылда үйірме жоқтың қасы еді. Баланың талабын таптағымыз келмеген соң ата-анасымен ақылдасып, өнер мектебіне білім алуға бердік. Сөйтіп, Жалпақтал мен Сарықұдық арасында өнер жолын салдық. 9-сыныпты бітіргесін Ғ.Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте оқуын жалғастыруда, – деді әжесі.
Бейбарыс түрлі мектепішілік, аудандық, облыстық, қала берді республикалық байқауларда топ жарып жүр. Дәлірек айтар болсақ, 2018 жылы І аудандық дарынды балаларға арналған «Көктем шуағы» байқауында «Бейнелеу өнері» аталымында ІІІ орын, 2019 жылы «Ұлы дала ұрпақтары» республикалық байқауында «Бейнелеу өнері» жанрында ІІ орын, 2020 жылы БҚО білім басқармасы және «AQJAIYQ» телеарнасының бірлескен «Отбасым – мақтанышым» атты бейнежазба байқауында ІІ орын, 2022 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде биология пәнінен ІІ орын иегері атанып, есімі «Қазақстанның үміт артарлары» жинағына енген. Оның қолынан пейзаж, портреттер жарық көрген. Мәселен, Абай Құнанбайұлы, Жайсаң Ақбай, футбол жұлдызы Криштиану Роналду, БҚО экс-әкімі Ғали Есқалиевтің портреттерін салған. Ол мұнымен тоқтап қалмай, қабілетін шыңдау үстінде.
Ал Жансерік Сағынгерейді ауданымыздың жас мультипликторы десек, артық айтқандық болмас, сірә! Өйткені ыждағаттылық пен табандылықты, сабырды талап ететін бұл саланы жас баланың таңдауы – елең еткізер дүние. Сарықұдық негізгі орта білім беретін мектебінің ашылу салтанатында Жансерік құрметті қонақтарға өзінің туындыларын таныстырды.
– Мен бала кезден ермексаздан мультфильм кейіпкерлерін жасайтынмын. Кейін ермексаздан ертегі кейіпкерлерін жасап, олардың өмір сүру ортасын қағазға сурет салу арқылы безендірдім. Мәселен, «Бауырсақ» ертегісі желісімен ата мен әженің, бауырсақтың, аюдың, қасқырдың, қоянның, түлкінің бейнесін ермексаздан жасаған болсам, үйдің, орманның келбетін қағазға түсірдім. Кейін әр іс-әрекетті жеке-жеке видеоға түсіріп алдым. «Бауырсақ» ертегісінің өзіне 300-ден астам кадр түсіріп, монтаждадым. Ал кейіпкерлерді дыбыстау мәселесіне келер болсам, бірде ғаламтордан жүктеп алып, бірде өзім сомдап отырдым, – дейді жас өнерпаз.
Жансерік болашақта елімізде кенжелеу қалған анимация жанрын әрі қарай дамытып, ауданымызда осы жанрға жақын шәкірт тәрбиелеуді мақсат етіп отыр. Бұл талабына ұстаздары да дән риза.
– Жансерік – сыныбымдағы үлгілі оқушының бірі. Өте еңбекқор, ұқыпты бала. Бос уақытын тиімді пайдаланып, сурет салып, анимациялық мультфильмдер түсірумен айналысады. Ағасы Бейбарыс та, інісі Аманбек те сурет салуға бейім болды. Бұл отбасыға еңбекқор, өнерлі деген баға берер едім. «Отбасы – өнеге ордасы» демекші, әкесі Дулат, анасы Әлия да балаларының болашағына үлкен жауапкершілікпен қарап, жан-жақты дамуына бар жағдай жасап, тынымсыз еңбектенуге баулып келеді, – деді ұстаз Гүлфайруз Темірғалиева.
Отбасының үшінші перзенті Аманбек те өзінің көркемсөз оқу шеберлігімен көзге түсті. Абай мен Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білетін шәкіртті құдды бала тілші дерсіз. Сөз саптауы, сөйлеу мәнері кәсіби тілшіден асып түспесе, кем түспесі анық. Онымызға Аманбек Дулатұлының аудандық «Мен – репортёрмін» сырттай байқауында ІІІ орын алғаны (жетекшісі Ақмарал Айдынғалиқызы) дәлел бола алады.
– Біз балаларымыздың ешқайсысын бөлежармадық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, «болар баланың бетін қақпай, белін будық». Ерте жастан еңбекқорлыққа тәрбиеледік. Бейбарыс, Жансерік, Аманбегімнің ізін жалғаған Манас, Айзере, Рамазаным да өнерге бейімделіп келеді. Бала тәрбиесінде алдымен ұлттық құндылықты, кейін баланың талабын жоғары бағалаймыз. «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» екенін ұғындырып келеміз, – дейді анасы Әлия Ниетқабылова.
Тәрбие мен өнерді, білімді қатар ұштастыра білген әулеттің перзенттері жас болса да, биік белесті бағындырып жүр. Әрқайсысының «Талабына нұр жауып», алға қойған мақсатына жетер болса, өнерімен асқаралы асуды алары сөзсіз. Жас өрендердің талабы мен өнеріне жоғары баға беріп, қолдайтын азаматтар да табылар деген үмітіміз зор. Себебі «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейдіге» салсақ, жанып тұрған сәулені өшірмесек керек-ті...
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz