20.05.2024, 16:45
Оқылды: 63

Аурухана жұмысы сыналды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес әкімдердің халық алдында есеп беру кездесулері жергілікті жерлердегі мәселелерді анықтауға және оларды шешуге бағытталған. Бұрын әкімдер тоқсан сайын есеп берсе, биылдан бастап жарты жылға бір рет халықпен кездеседі. Кезекті есеп беру кездесу Жәнібек ауданының Борсы ауылында өтті. Аталған ауылдың әкімі Зинхар Бақтығалиев округ бойынша атқарылған жұмысқа тоқталды.

image-20-05-24-04-29-4

- Асыл тұқымды мал шаруашылығын және одан алынатын өнімнің сапасын арттыру мақсатында 31 шаруа қожалық 34 миллион 145 мың теңге көлемінде субсидия алды. Ауылды абаттандыру және көркейту бағытында ауыл тұрғындарының көтерген мәселе де өз шешімін тапты. Яғни жаяу жүргіншілер жолының құрылысы аяқталып, тұрғындарға пайдалануға берілді. Сонымен қатар Тегісшіл елді мекеніндегі Шәрімбет сайында орналасқан бөгеттер де толықтай қалпына келтірілді. Қазіргі танда құжаттары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталған ауылда «Beeline» ұялы байланыс жүйесі іске қосылды, - деді ауыл әкімі. Содан соң аудан әкімі Тимур Шиниязов аудан бойынша жарты жылда атқарылған жұмысты атап өтіп, іске асатын жобаларды айтты.

image-20-05-24-04-29-5

Әкімдердің баяндамаларынан кейін тұрғындар сұрақтарын қойды. Борсылық Әмірхан Досболатов аудандық ауруханының жұмысына наразылығын айтты. Оның айтуынша, жұмысы сын көтермейді.

image-20-05-24-04-29

- Сәуір айында аурухана қаралуға бардым. Базаға салды. Барғаннан кейін талдауларды тек сегізден онға дейін қабылдайды. Одан талдау қорытындысын алғаннан кейін дәрігерді таба алмайсың. Кірейін десең әжетханалары үнемі жабық тұрады, ішейін десең ауыз су жоқ.

Екінші мәселе – портал. Бір күн қалғанда «Порталға салынды. Ертең қалаға баруыңыз керек», - деп хабарласады. Жәнібек 50 шақырым жердегі елде мекен емес қой, - деді Ә.Досболатов.

Ауыл тұрғыны Нұрәділ Жұбанышев та қайтадан сол аурухананың жұмысына тоқталды. Ол да порталды айтып, соның жұмысына қанағаттанбайтынын жеткізді.

Аудандық мәслихат депутаты Марал Әбілов екі тұрғынның көтерген мәселесін қолдады. Сонымен қатар ауыл көшелерінің жолдарына асфальт төсеу жұмысы жүргізілсе екен деп ұсынысын айтты. Сонымен қатар Борсы мен Тегісшіл елді мекеніне электрик маманның керектігін жеткізді. Нәбия Өтебалиева «Балапан» бөбекжайының жылыту жүйесінің тозғанын айтып, жылыту маусымы басталғанша реттеп беруді сұрады.

Қойылған сұрақтар мен білдірілген наразылықтарға тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімі жауап берді.

image-20-05-24-04-28

Кездесу соңында аудан әкімі бірнеше тұрғынды жеке мәеселемен қабылдады.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале